Дубайда цифрлық аспаз жұмыс істейтін «болашақ мейрамханасы» ашылмақ

Биыл күзде Дубайда WOOHOO деп аталатын ерекше мейрамхана ашылмақ. Өзін «болашақ мейрамханасы» ретінде таныстырған WOOHOO-ның басты ерекшелігі – жасанды интеллект жүйелерінің тағамды әзірлеу процесінен басқа істерге араласуы. Бұл туралы SecurityLab жазды.

Мекеменің концепциясын жасанды интеллектке негізделген Chef Aiman атты цифрлық көмекші жүзеге асырады. Ол мәзірді ойлап табу, интерьерді безендіру мен қызмет көрсету процесін ұйымдастыруға жауапты.

Chef Aiman – «AI» (жасанды интеллект) және «man» (адам) сөздерінің бірігуінен туған атау. Бұл жүйе бірнеше онжылдықты қамтитын аспаздық зерттеулер, өнімдердің молекулалық құрылымы және әлемнің түрлі тағамдарына арналған мыңдаған рецепт негізінде жасалған. Ресторанның тең құрылтайшысы Ахмет Ойтун Чакырдың айтуынша, Aiman дәм мен иісті сезе алмайды, алайда тағамның құрылымы, қышқылдығы мен қанықтығы сияқты дәм сипаттамаларын саралап, ерекше үйлесімдер ұсына алады.

Ал шын аспаздар ЖИ-дің ойлап тапқан нұсқаларын тәжірибе жүзінде жасап көріп, қажет болса, түзетулер енгізіп, жетілдіреді. Бұл процесті Дубайдағы танымал шеф-аспаз Рейф Отман басқарады. Ол Chef Aiman жүйесіне кері байланыс береді. Осылайша, жасанды интеллект тек сандар мен формулаларға емес, адамның жеке талғамына да икемделіп үйрене бастайды.

Жобаның мақсаты – адамды машиналармен алмастыру емес, керісінше цифрлық серіктестің көмегімен шығармашылық әлеуетті күшейту. Әзірлеушілердің айтуынша, Chef Aiman тәжірибелі аспаздардың өзін таңғалдыратын тосын шешімдер ұсына алады. Жасанды интеллект мейрамханаларда қалдық деп есептелетін ет қиындысы, май қалдығы секілді өнімдерден жаңа тағам әзірлеуге қабілетті. Бұл тәсіл тағам қалдықтарын азайтып, бизнестің экологиялық және экономикалық тұрақтылығын арттырады.

Болашақта WOOHOO командасы осы технологияны кеңінен қолдануды жоспарлап отыр: Chef Aiman жүйесі лицензияланған коммерциялық өнімге айналып, дүниежүзіндегі мейрамханаларда қолданылуы мүмкін. Бұл басқа аспаздық мекемелерге де өз мәзірін жаңартуға, асүй жұмысын экологияға бейімдеуге мүмкіндік береді.

Журналист

Factcheck.kz