Желіде “The Walt Disney Company TikTok әлеуметтік медиа платформасын жүз миллиард долларға сатып алды” деген қауесет тарап жатыр. Snopes ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізді.
Mouse Trap News парақшасындағы осы хабарландыру бір миллионнан астам қаралым жинаған.
Бұл ақпарат АҚШ-тың Колумбия округі бойынша апелляциялық сотының шешімінен кейін тарады. Сот 2024 жылдың сәуірінде қабылданған заңды күшінде қалдырды. Бұл заң бойынша TikTok-тың бас компаниясы ByteDance платформасын америкалық компанияға 2025 жылғы 19 қаңтарға дейін сатуы керек. Егер ByteDance талаптарды орындамаса, АҚШ аумағында TikTok-ты қолдануға тыйым салынады.
Дегенмен Disney компаниясының платформаны сатып алғаны туралы қауесет расталмаған. Шын мәнінде, Mouse Trap News — өз өнімдерін сатиралық жолмен сипаттайтын уеб-сайт.
“Mouse Trap News — әлемдегі ең жақсы сатира және пародия сайты, “Диснейге арзан саяхатқа арналған нұсқаулық” бестселлерінің авторлары. Біз Дисней саябақтары туралы жалған әңгімелер жазамыз. Диснейге қатысты хабарландырудан бастап, Дисней қонақүйлері мен курорттары, серіктестеріміз туралы нәрселер ойдан шығарылған немесе жалған болуы мүмкін, бірақ бұл қызықты”, – делінген сайттың парақшасында.
Сондықтан “Disney TikTok желісін 100 миллиард долларға сатып алды” деген ақпарат жай ғана әзіл.
Басты беттегі сурет Walt Disney World сайтынан алынды.