2025 жылғы қаңтарда жарияланған Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық қауіптер туралы баяндамасында (Global Risks Report) дезинформация мен жалған ақпараттың таралуы алдағы екі жылда әлемде ең үлкен қауіп ретінде қайта танылды.
Бұл қорытындыға академиялық орта, бизнес, мемлекеттік сектор, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамнан 900-ден астам сарапшы қатысқан сауалнама негіз болды.
Сауалнамада сарапшылардан қазіргі дағдарыстарды, қысқа мерзімді, орта мерзімді (2027 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (2035 жылға дейін) қауіптерді бағалау сұралды.
Сарапшылардың 23%-ы мемлекетаралық қарулы қақтығыстарды 2025 жылдың басты қаупі деп таныды. Екінші орында экстремалды ауа райы құбылыстары (14%), үшінші орында геоэкономикалық текетірестер (8%), төртінші орында дезинформация (7%) және бесінші орында әлеуметтік қайшылықтар (6%) болды.
Алдағы екі жылдық кезеңде мемлекетаралық қарулы қақтығыстар үшінші орынға көтеріліп, өткен жылмен салыстырғанда екі саты жоғарылады. Екінші орында — ауа райының төтенше құбылыстары тұр. Төртінші және бесінші орындарға қоғамдағы жіктелу мен кибершабуылдар жайғасты. Дегенмен екінші жыл қатарынан дезинформация мен жалған ақпараттың таралуы ең үлкен қауіп ретінде аталды.
«Жалған ақпараттың таралуы арқылы геосаяси жағдайды күрделендіретін бірнеше тәсіл бар. Бұл — шетелдік мемлекеттердің сайлаушылардың шешіміне ықпал ететін негізгі құралдарының бірі. Оған қоса дезинформация қақтығыс аймақтарындағы жағдайға қатысты әлем жұртшылығының күмәндануына әкеліп, басқа елдердің тауары мен қызметінің беделіне нұқсан келтіру үшін қолданылуы мүмкін», — делінген баяндамада.
Оған қоса дезинформацияның жеделдеуі мемлекетаралық қақтығыстар мен төтенше ауа райы құбылыстары сияқты негізгі қауіптердің артуына себеп болатыны айтылды. Оған қоса, адам жасаған және ЖИ арқылы жасалған жалған ақпаратты ажырату барған сайын қиындап барады.
Форумның мәліметінше, кейбір елдерде мемлекеттік тұлғалар – жалған ақпарат таратудың негізгі көзі. Ұзақ мерзімді, он жылдық кезеңде ең үлкен қауіп ретінде төтенше ауа райы құбылыстары аталды. Екінші орында – биологиялық алуантүрліліктің жоғалуы мен экожүйенің күйреуі, одан кейін жер жүйелеріндегі елеулі өзгерістер, табиғи ресурстардың тапшылығы және дезинформация тұр.
Баяндама авторлары жалпы оптимизмнің төмендегенін айтты. Себебі есептеуде қате кетуі әрі саяси көшбасшылар дұрыс емес шешімдер қабылдауы мүмкін. Авторлар адамзат қазіргі уақытта қырғи-қабақ соғыстан бергі ең терең жіктелу кезеңін өткеріп жатыр дейді.