Әлеуметтік желіде ағылшын тілінде COVID-19-ға қарсы вакцинаның қаупі жөнінде ақпарат кең тарап жатыр. Әсіресе екпенің «кейінгі әсері» мен миокардит қаупі жайлы айтылып жүр.
«Кливленд клиникасы: COVID-ке қарсы екпе алған миллиондаған адам 5 жыл ішінде қайтыс болады» деген тақырыппен наурызда Facebook желісінде жазба жарияланған. Poynter басылымы ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
Фактчекерлердің қорытындысы
Тақырып бойынша іздеу нәтижесі көрсеткендей, бұл мәлімдемені алғаш 23 наурызда өзін «балама ақпарат көзі» ретінде таныстыратын Slay News сайты жариялаған.
«Танымал Кливленд клиникасы мРНҚ негізіндегі COVID вакцинасын салдырған миллиондаған адам алдағы 5 жылда кенеттен қайтыс болуы мүмкін деген қорқынышты ескерту жасады. Огайо штатындағы академиялық медициналық орталықтың дерегінше, COVID-ке қарсы екпе алған көптеген адамға жүрек бұлшықетінің кенеттен тоқтап қалуынан сақтану үшін жүрек трансплантациясы қажет болуы мүмкін», – делінген жазбада.
Кливленд клиникасы — АҚШ-тың Огайо штатындағы Кливленд қаласында орналасқан ірі әрі беделді медициналық мекеме. Мұндай мәлімдеме рас болса, қоғамда үлкен резонанс туғызары сөзсіз. Алайда тексеріс барысында ешқандай қоғамдық резонанстың болмағаны анықталды.
Жазбада Кливленд клиникасының ресми сайтындағы миокардит туралы жазбаға сілтеме жасалады.
Клиника сайтында не жазылған?
Cайтта COVID-19 және оған қарсы вакциналар жөнінде айтылады, алайда мақалада Slay News жариялағандай ақпарат жоқ.
Мақалада мынадай деректер келтіріледі:
- Жыл сайын әлемде шамамен 1,5 миллион миокардит тіркеледі;
- Вирустық миокардитке шалдыққандардың 50–80%-ы бес жылдан кейін де өмір сүреді, әсіресе жастардың көпшілігі толық айығып кетеді;
- Миокардит жүректің үлкеюі (дилатациялық кардиомиопатия) сияқты асқынуға әкеліп, жүрек жеткіліксіздігіне ұшыратуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүрек трансплантациясын жасау керек;
- Миокардит кейде күтпеген өлімге себеп болуы мүмкін (жастар арасында тосын өлімдердің бестен бірі осы диагноздан);
- Жастар арасында COVID-ке қарсы екпе алғаннан кейін миокардит өте сирек тіркелген.
Клиника өкілдері не дейді?
Фактчекиң жасаған автордың сұрағына Кливленд клиникасы жауап берді.
«COVID-19 вакцинасынан кейін миокардит пен жаппай өлімге әкелетін қауіп бар деген соңғы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды әрі оған ғылыми дәлел жоқ. Зерттеулерге сәйкес, жүрекке қатысты асқынулардың, соның ішінде миокардитке шалдығу қаупі вакцина салдырғаннан гөрі, COVID-19 вирусын жұқтырғанда әлдеқайда жоғары», — деп мәлімдеді Кливленд клиникасының өкілдері.
Контекст
Бұл жалған ақпарат бұған дейін тараған бір фейкпен үндесіп тұр. Онда COVID-ке қарсы вакцинадан кейін түрлі ауруға шалдығу күрт артатынын анықтаған зерттеу туралы айтылады. Мысалы миокардит – 610%, жедел энцефаломиелит – 378%, синус тромбозы – 32,3%, Гийен-Барре синдромы – 249% артты делінген. Алайда Factcheck.kz бұл деректердің өрескел бұрмаланғанын анықтады.