OpenAI мен The Washington Post басылымы жаңа әріптестік орнатты. Енді ChatGPT жауаптарында осы басылымның түпнұсқа материалдарын қысқаша мазмұндап, соған сілтеме береді. Бұл туралы TechCrunch жазды.
Бұл — OpenAI-дің медиа саласындағы кейінгі келісімі. Бұған дейін компания The Guardian мен Axios сияқты танымал ақпарат құралдарын қоса алғанда, 20-дан астам басылыммен әріптестік орнатқан.
The Washington Post бұл серіктестіктен өз контентінің ChatGPT арқылы кең аудиторияға таралуынан пайда көреді. Ал OpenAI басылымның сенімді әрі уақтылы жасалған репортаждары арқылы өз жауаптарының сапасын арттырады.
Келісімнің қаржылық жағы белгісіз, The Washington Post бұл туралы сұрақтарға жауап бермеді. OpenAI де әзірге түсініктеме жасаған жоқ.
OpenAI кейбір редакциялармен тиімді жұмыс жүргізіп жатқанымен, бұл барлық медиа үшін ортақ үрдіс емес. Мысалы The New York Times OpenAI-ді өзінің авторлық материалдарын заңсыз пайдаланғаны үшін сотқа берді. Ал OpenAI бұл айыптаулармен келіспейді.
Контекст
OpenAI компаниясына қарсы бірқатар жазушы, бағдарламашылар және басқа да авторлық құқық иелері сотқа шағым түсіріп отыр. Олар компанияны кітаптарды, код базаларын және тағы басқа материалдарды рұқсатсыз пайдаланды деп айыптайды. Компания бұл әрекетін АҚШ-тағы «әділ пайдалану» ережесі арқылы ақтауға тырысады. Алайда құқық иелері бұл заңда ЖИ үйретуге қажет мәліметтерді пайдалануға нақты рұқсат берілмегенін айтады.