Бішкек соты Kloop Media қорын жабу туралы шешім қабылдады

9 ақпан кешке Бішкектің Октябрь аудандық соты Kloop Media қоғамдық қорын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ресурс журналистері хабарлады.

Бішкек прокуратурасы 2023 жылғы тамызда Kloop Media қоғамдық қорын жабу керек екенін алға тартып, сотқа шағым түсірген. Олар “қор өзінің жарғысынан тыс қызметті атқарды” деп мәлімдеген.

Алайда басылым сот шешімімен келіспейді. Олардың айтуынша, сот тыңдауларында үкімет Kloop Media қоғамдық қорын жабуға себеп болатын нақты әрі маңызды дәлелдерді келтіре алмады.

Прокуратура мәлімдемесінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті “Kloop Media-ны” тексеріп, жарияланған материалдары “қазіргі биліктің жүргізіп жатқан саясатын қатаң сынға алуға бағытталған” және “басылымның көп бөлігі мемлекеттік және муниципалды органдардың өкілдерінің беделін түсіруге бағытталған теріс сипатта” деп тапқанын айтқан.

Оған қоса прокуратура қордың мемлекеттік тіркеуде БАҚ ретінде тіркелмегенін, оның қызметінде ақпарат тарату болмағанын мәлімдеген. Ал қордың адвокаттары ақпарат тарату үшін БАҚ ретінде тіркелу міндетті емес екенін алға тартып отыр.

Kloop басылымының мәліметі бойынша, сот ісінің басталғанына бірнеше ай болды. Алайда мемлекет “Kloop Media” қорын жабуға себеп болатын нақты аргументтер көрсете алмаған.

Журналистер мен мамандардың айтуынша, мемлекеттің Kloop Media қорын жабуға тырысқаны – Қырғызстандағы сөз еркіндігінің қысымға ұшырағанының белгісі. “Шекарасыз тілшілердің” сөз еркіндігіне қатысты рейтиңінде Қырғызстан бір жыл ішінде (2022-2023 жж) бірден 50 позицияға – 72-орыннан 122-орынға түскен.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz