Белгілі журналистер Ахмедьяров пен Борейконың әлеуметтік желідегі парақшасы өшірілді

Facebook-та тәуелсіз журналист әрі «Гиперборей» арнасының авторы Вадим Борейконың парақшасы, сондай-ақ Instagram-дағы «Просто Журналистика» жобасының аккаунты жойылды. «Власть» жазуынша, бұл туралы журналистер 7 маусымда «Просто Журналистика» YouTube-арнасында хабарлаған.

Борейконың айтуынша, оның жобасына биыл қаңтардан бері шабуыл жасап келеді.

«Бұған дейін Facebook-тағы қосалқы парақшам — «Гиперборей» де өшірілді. Өткен жылы TikTok-тағы аккаунтым біржола жойылды. Бұл шабуылдар нақты маған бағытталған деп ойлаймын. Мақсат – қандай да бір тақырып емес, менің бүкіл контентім», – деді журналист.

«Қазір бәріміз әлеуметтік желіде отырмыз. Ал осындай шабуылдар арқылы бізді аудиториямен байланыс орнату мүмкіндігінен айырып жатыр», – деді «Просто журналистика» жобасының авторы Лұқпан Ахмедьяров.

Лұқпан Ахмедьяров бұған дейін «Уральская неделя» басылымын басқарған, қазір әріптестерімен бірге «Просто журналистика» арнасын жүргізіп жүр. Ол – бірнеше халықаралық сыйлықтың иегері.

Вадим Борейко ірі басылымдарда редактор болып жұмыс істеген, 2019 жылғы тамызда «Гиперборей» YouTube-арнасын ашқан.

Журналист

Factcheck.kz