Баяндама: АҚШ қаржысын тоқтатуы жаһандық медиаға дағдарыс әкелді

Тәуелсіз БАҚ жабылып, жүздеген журналист жұмыссыз қалды. Бұл – Internews Europe, BBC Media Action және Free Press Unlimited ұйымдары Еуропалық комиссияның қолдауымен жүргізген жаңа зерттеу есебінің басты қорытындысы.

Зерттеу авторлары АҚШ үкіметінің жыл сайын журналистика мен ақпараттық кеңістікті қолдауға бөліп келген 150 миллион доллар қаржыны бірден тоқтату тәуелсіз медиалардың жаппай жабылуына немесе қызметін шектеуге әкеп соққанын айтады.

Баяндамада келтірілген деректер бойынша:

  • 100-ден аса ақпарат құралы қызметкерлерін қысқартып, хабар тарату көлемін азайтқан;
  • Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде жергілікті радиолар — тұрғындардың жалғыз ақпарат көзі. АҚШ көмегімен жұмыс істеп келген Eye Radio (Оңтүстік Судан) қызметкерлер санын 47-ден 12-ге дейін қысқартты. Конго, Зимбабве, Замбия сияқты елдерде ондаған радиостанциялар жабылғалы тұр;
  • Ауғанстанда байланысқа шыққан радиостанциялардың 72%-і USAID есебінен қаржыландырылып келген, ал қазір қызметкерлерінің 65%-і жұмыстан босатылған немесе жалақысы қысқарған;
  • Орталық Азияда да жағдай күрделі. Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстандағы медиаға бағытталған шетелдік қаржы тоқтаған соң, азаматтық қоғам белсенділері бақылауға алынып, кейбір ҮЕҰ жабылуға мәжбүр. 
  • Тәуелсіз бақылау әлсіреген сайын, авторитарлық үкіметтер мен шетелдік ойыншылар әлсіреген ақпараттық кеңістікті өз мүддесіне пайдалануда.
  • Латын Америкасында 60-қа жуық медиа қаржыландырудың тоқтауынан тікелей зардап шекті, олардың бірқатары толық жабылып, қалғандары қызметкерлерін қысқартып немесе жұмыс ауқымын азайтты.

Internews Europe директоры Мира Сельва: «Егер жедел әрі икемді қолдау болмаса, журналистер мен қауымдастықтар цензура мен жалған ақпаратқа одан әрі осал болады. Тіпті шағын инвестицияның өзі медиа кеңістікті сақтап қалуға көмектесер еді» дейді. 

BBC Media Action басшысы Саймон Бишоп та: «Мұндай қаржы тоқтауы – ақпараттық вакуум тудырып, тәуелсіз журналистиканың өміршеңдігін әлсіретеді. Демократия үшін сенімді ақпарат ауадай қажет. Ал оны қамтамасыз ету үшін шағын болса да тұрақты қолдау керек» деген пікірде. 

Free Press Unlimited ұйымының атқарушы директоры Рут Кроненбург бұл жағдайды тек медиа емес, адам құқықтары саласындағы дағдарыс деп бағалайды.

«Бүкіл әлемдегі батыл журналистер – біздің көзіміз бен құлағымыз. Егер олар үнсіз қалса, біз не болып жатқанын білмей қаламыз. Ал авторитар режимдер мұны өз мүддесіне пайдаланып, заңдастырылып кете береді», – дейді ол.

Баяндамада медиа қызметкерлерінің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Қақтығыс аймақтарында істейтін журналистер жалақысыз, қауіпте қалып, эвакуациялану мүмкіндігі шектелген. Қаржы тоқтауына байланысты кейбір елдерде журналистерге арналған қауіпсіз баспана мен шұғыл көмек бағдарламалары да жұмысын тоқтатқан.

Зерттеу авторлары бұл дағдарыс тек ақпарат құралдарының ғана емес, жалпы қоғамның әл-ауқатына, қоғамдық денсаулық пен демократиялық тұрақтылыққа да әсер ететінін ескертеді. Баяндама авторлары төрт негізгі бағыт бойынша әрекет етуге шақырады:

  • Жедел көмек қорлары — қауіпке ұшыраған журналистерді шұғыл қорғауға бағытталған қаражат.
  • Негізгі жұмысын қолдау — стратегиялық маңызды БАҚ-қа тұрақты қолдау.
  • Қоғам мүддесіне арналған журналистиканы дамыту — денсаулық, климат, сайлау, ғылым тақырыбын қамтитын контентке қаржы бөлу.
  • Халықаралық донорлардың үйлестіруі — азайған ресурстарды тиімді бөлісу.  

«Тәуелсіз БАҚ жоғалса – ақпаратсыздық, жалған мәлімет пен қоғамды басқару мүмкіндігі әлсірейді. Сондықтан әрекет ететін уақыт – қазір», – делінген баяндамада қорытындысында.

Журналист

Factcheck.kz