«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» 18 наурызда АҚШ ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) медиаларды қаржыландыруды тоқтатқаны үшін сотқа берді. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.
Сотқа шағымдануға басты себеп – Конгресс бөлген грантты тоқтатуға тосқауыл қою. Шағымда Конгресс бөлген қаражатты бермеу федералдық заңдарға қайшы екені, соның ішінде Конгресске федералдық шығыстарға қатысты айрықша құқық беретін АҚШ Конституциясын бұзатыны жазылған. Іс Колумбия округі бойынша сотта қаралады.
Контекст
15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің, оның ішінде «Америка жаһандық медиа агенттігін» (USAGM) қысқарту туралы жарлыққа қол қойған. USAGM – «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» бас ұйымы.
Өткен айда АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған.
«Азат Азия радиосының» президенті және атқарушы директоры Бэй Фанг бұл шешімді «диктаторларға жасалған сый» деп атады. Ал «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» басшысы Стивен Капус «Иран аятоллалары, Қытайдың коммунистік басшылары, Мәскеу мен Минскідегі автократтар медианың 75 жылдан кейін жабылуын тойлайды» деп жазды.