10 сәуірде Астанада полиция журналист Лұқпан Ахмедьяров ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатты. Ол Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталған. Тергеу 11 сәуірде жалғасады. Бұл туралы «Власть» хабарлады.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу Оралдағы тұрғынның шағымынан кейін тіркелген. Ахмедьяров қорғау құқығы бар куәгер мәртебесінде. Журналистің өзі бұл жағдайды Батыс Қазақстаннан Ресейге жұмыс істеуге кеткен ер адамдар туралы жазбаларымен байланыстырады. Ол жазбаларда азаматтарды Ресейдің Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеп жатқаны айтылған.
Журналистердің тергеу барысы туралы сұрағына Ахмедьяров тергеушінің оған және адвокатына дөрекі әрі агрессив болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл әрекетке не себеп болғаны түсініксіз. Ол болашақта өзіне қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сіздер білесіздер ғой, Темірлан Еңсебектің тәжірибесінен бастап, журналистерге қатысты істердің ойдан құрастырылғаны, қисынсыз айыптарға негізделгені ешқашан полицияны немесе прокуратураны тоқтатқан емес. Айыптаулардың абсурд екеніне қарамастан, бәріне қылмыстық іс қозғалып, адамдар сотқа дейін қамауға алынған. Қазір Темірланның ісінде біз сот процесінің өзі ақылға қонбайтын деңгейге жеткенін көріп отырмыз. Сол себепті болашақта не боларын болжау қиын, ештеңені жоққа шығармаймын. Біз қандай елде, қандай саяси жүйеде өмір сүріп жатқанымызды түсінуіміз керек. Өзімді қауіпсіз сезінемін деп айта алмаймын.
Жаңалық толықтырылып жатыр.
Контекст
Лұқпан Ахмедьяров — тәуелсіз журналист, «Уральская неделя» газетінің бұрынғы басшысы, «Просто журналистика» YouTube арнасының авторы.