Қазақстан Ұлттық банкі ресми бланк негізінде жасалған жалған құжаттар арқылы азаматтарды алдау көбейгенін ескертті.
Ведомствоның ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, алаяқтар адамдарға мемлекеттік органның атынан жасалған жалған хаттарды жолдап жүр. Бұл хаттарда азаматтарға «несие шотының бар екені» немесе «қарызды өтеу қажеттігі» жөнінде хабар беріледі.
«Құжаттардың шынайы көрінуі үшін алаяқтар онда Ұлттық банк қызметкерлерінің есімі, қолтаңбалары мен мөрлерін қояды. Мұндай жалған ақпарат ақша аудару немесе азаматтардың қаражатын ұрлау мақсатында пайдаланылады», – делінген хабарламада.
Ескерту мәтінінде мына нәрселер де айтылған:
- алаяқтар жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, ұйым қызметкерлерінің бейнелерімен фейк видеолар жасайды;
- сонымен қатар әлеуметтік желілерде жалған инвестициялық компаниялар мен ұрланған қаражатты қайтаруға көмектесуге уәде беретін тегін заңгерлік қызмет туралы жалған жарнамалар жариялайды.
«Ұлттық банк азаматтарды сақ болуға, күмәнді шоттарға ақша жібермеуге, жалған хат-хабарларға және тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады. Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотын жүргізбейді, азаматтарға несие бермейді, заңгерлік қызмет көрсетпейді және халықпен ақшалай есеп айырыспайды», – деп хабарлады қаржы реттеушісінің өкілдері.
Ведомство азаматтарға өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалса, әңгімені тоқтатып, қажет болған жағдайда ресми 1477 нөміріне хабарласуға кеңес берді.