АҚШ-та Трамп пен Маскқа қарсы ірі наразылық өтті

АҚШ-та президент Дональд Трамп пен мемлекеттік тиімділік жөніндегі департамент (DOGE) жетекшісі Илон Масктың саясатына қарсы жаппай наразылық өтті. Бұл — Трамптың екінші мерзімге сайланғанынан бергі ең ірі наразылық. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.

Associated Press хабарлауынша, ел бойынша барлық штатта мыңнан астам наразылық шарасы өткен. Олардың бірі Флорида штатында, Трамп демалып жатқан гольф-клубқа жақын жерде ұйымдастырылған. Reuters дерегіне сәйкес, Трамптың Мар-а-Лагодағы резиденциясы маңына шамамен 400 адам жиналған. Акцияны негізінен демократиялық көзқарастағы топтар ұйымдастырған.

Наразы жұрт мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту, мекемелерді жабу, депортацияны күшейту, медициналық саладағы қаржыландыруды азайту және баж салығына қарсылық білдірді.

Осыған байланысты Трамп Truth Social желісі арқылы үндеу жасап, сауда соғысында ел күрделі кезеңдерден өтетінін, бірақ «тарихи нәтиже» болатынын мәлімдеді.

«Қытай АҚШ-қа қарағанда қаттырақ зардап шекті. Көптеген ел бізге жамандық жасады. Біз соққы жасайтын қорғансыз денеге айналдық. Шыдай тұрыңдар, оңай болмайды, бірақ ақырғы нәтижесі тарихи болады», – деп жазды Трамп.

Reuters мәліметіне сүйенсек, осы аптада Трамптың халық арасындағы қолдау рейтиңі 43%-ке дейін төмендеген. Бұл — ол қызметке кіріскелі бергі ең төменгі көрсеткіш.

Журналист

Factcheck.kz