АҚШ-та TikTok желісі бұғатталып, артынша қайта қосылатыны хабарланды

TikTok әлеуметтік желісі АҚШ-та жергілікті уақыт бойынша 18 қаңтарда ашылмай қойған. Deutsche Welle жазғандай, пайдаланушылар желіге кірген кезде экранда «платформа дәл қазір қол жетімді емес» деп жазылған баннер шыққан.

«Америка дауысының» ақпаратына сәйкес, платформа ұлттық қауіпсіздік мақсатында TikTok-ты жабу туралы заң күшіне енерден бұрын бұғатталған. АҚШ билігі қытайлық ByteDance бас компаниясының америкалықтардың дерегіне қауіп төндіретінін ескерткен.

Артынша басылым президент Дональд Трамп инаугурациядан кейін TikTok-қа қайта кіру туралы жарлық шығаратынын жазды. Трамп заңның күшіне ену мерзімін ұзартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл шешім АҚШ-тың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында келісім жасауға мүмкіндік береді.

«Мен АҚШ-тың бірлескен кәсіпорыннан 50% үлес алғанын қалаймын. Осылайша, біз TikTok-ты сақтап, оның жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береміз», – деп жазды Трамп Truth Social платформасында.

USA Today басылымының хабарлауынша, қосымша бұғатталғаннан кейін 12 сағаттан астам уақыт өткенде TikTok өзінің жұмысын қалпына келтіретінін мәлімдеген.

«Қызмет көрсетуші серіктестерімізбен келісімнің арқасында TikTok-тың жұмысы қалпына келтіріліп жатыр», – делінген жазбада. Сондай-ақ, компания АҚШ аумағында платформаның тұрақты жұмыс істеуі үшін ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға дайын екенін айтты.

Журналист

Factcheck.kz