АҚШ «Америка дауысы» және «Азаттық радиосын» қаржыландыруды тоқтатты

АҚШ билігі «Америка дауысы» және «Азат Еуропа/Азаттық радиосын» қаржыландыруды тоқтатты. Бұл туралы BES.media басылымның ресми сайтына сүйеніп хабарлады.

АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Дональд Трамптың мемлекеттік шығындарды қысқарту туралы жарлығына байланысты қаржыландыруды тоқтатқан.

«83 жыл ішінде алғаш рет аты аңызға айналған “Америка дауысы” үнсіз қалды. Бұл – мен үшін өте ауыр жағдай», – деді басылымның директоры Майкл Абрамовиц.

Оның айтуынша, 1,3 мыңнан астам журналист, продюсер және радио қызметкері электрон пошта арқылы еңбек демалысына жіберілгені туралы хабарлама алған. Ол «Америка дауысына» нақты және ойластырылған реформалар қажет екенін айтып, бұл бағытта белгілі бір жетістіктерге жеткенін мәлімдеді.

«Бірақ бүгінгі шешім оның (“Америка даусының”-ред.) маңызды миссиясын атқаруына кедергі келтіріп отыр. Бұл миссия әсіресе Иран, Қытай және Ресей сияқты АҚШ-тың қарсыластары жалған ақпарат таратып, Америка беделін түсіруге миллиардтаған доллар жұмсап жатқан кезде аса маңызды», – деді Абрамовиц.

USAGM тек «Америка дауысының» ғана емес, Қытай, КХДР, Мьянма, Камбоджа және басқа елдерге хабар тарататын «Азаттық радиосы» мен «Азат Азия радиосының» да қаржыландыруын тоқтатты.

«Азаттық радиосының» қазақстандық қызметінің жетекшісі Торокул Дооров әзірге БАҚ Қазақстанда жұмысын жалғасытра беретінін мәлімдеді.

«”Азаттық” талай қиындықты бастан өткерді. Тоталитарлық режимдердің қысымына қарамастан, шынайы ақпарат таратып, демократиялық құндылықтарды насихаттау жолында күресті. Бұл радионы көптеген елде миллиондаған адам сенімді ақпарат көзі ретінде қабылдады. Жағдайдың қалай өзгеретінін болжау қиын, бірақ қазіргі уақытта жұмысымыз жалғасып жатыр», – деп жазды ол Facebook желісінде.

Өткен айда АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған. Ол бұған дейін АҚШ-та 100 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерді қысқартқан еді.

Басты беттегі сурет Reuters агенттігінен алынды.

Журналист

Factcheck.kz