АЭС салуға қатысты конкурстық рәсімдер биыл өткізіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев атом станцияларын салуға қатысты биыл конкурстық рәсім өткізілетінін айтты. Бұл туралы президент «Ana Tili» газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Тоқаев АЭС салу мәселесі Ресей президенті Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде талқыланғанын айтты. Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы консорциумда бас оператор болады деп уағдаласқан.

«Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компания­сымен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр», – деп жауап берді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Оған қоса, Қазақстан таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр станциясын салуы мүмкін дейді.

Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өткенін еске салайық. АЭС салынатын орын ретінде Алматы облысы Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылын белгіленді. Референдум нәтижесінде жалпы дауыс берушілердің 71,12 пайызы атом электр станциясын салуды қолдаған. Үкімет АЭС салуда Корея, Ресей, Қытай, Франция елдері қарастырылып жатқанын хабарлаған.

Журналист

Factcheck.kz