Әлеуметтік желілер мен түрлі ақпараттық платформаларда адам ағзасындағы қан тамырларының жалпы ұзындығы 100 000 шақырымға жететіні, яғни экватор ұзындығынан 2,5 есе артық екені жиі айтылады. «Проверено» басылымы бұл ақпараттың шындыққа қаншалықты жанасатынын тексерді.
Қан тамырлары – жүрекке тікелей байланысты, қан айналымын қамтамасыз ететін артерия, вена және капиллярлар жүйесі. Олар ағзаға оттегі мен қоректік заттар жеткізеді, ал қажетсіз өнімдерді шығарады. Ең көп тамыр бұлшық еттер, ми, бауыр мен өкпе сияқты белсенді ағзаларда орналасқан. Ал шеміршек, көз қабығы мен тері эпидермисінің қан айналымы өте аз.
Бұл саладағы алғашқы зерттеулер II ғасырда өмір сүрген дәрігер Галенге тиесілі. Ал қан айналымы жүйесі туралы қазіргі ғылыми түсінік XVII ғасырда Уильям Харви еңбегімен қалыптасты. ХХ ғасырдың басында дат физиологы Август Крог тамырлардың ұзындығын алғаш рет шамалап есептеді. Ол бұлшық ет массасы 50 кг, салмағы 143 кг болатын адамды үлгі етіп, тамырлардың ұзындығын 100 000 км деп белгілеген.
2022 жылы америкалық және жапондық ғалымдар адам ағзасындағы қан тамырларының ұзындығын қайта есептеп, жүз жыл бұрынғы зерттеудегі олқылықтарды түзетуге тырысты. Олар орташа адамның салмағын 70 кг, ал бұлшық ет массасын салмақтың 35%-і деп алды. Сонымен қатар, ғалымдар Август Крог бұлшық еттегі капиллярлардың тығыздығын дұрыс бағаламағанын ескеріп, заманауи нақты деректерді пайдаланды.
Дегенмен бұл есептеулердің де шектеуі бар. Васкуляризация (капиллярлар тығыздығы) әртүрлі тінде әрқалай: жүректе қаңқа бұлшық еттеріне қарағанда, ал арқада бөксе бұлшық еттеріне қарағанда көп.
Барлық орташа есеп пен болжамды ескере отырып, зерттеушілер адам ағзасындағы қан тамырларының жалпы ұзындығы 9000–19 000 км аралығында болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Бұл көрсеткіш экватор ұзындығынан екі жарым есе көп болмаса да, Калининградтан Владивостокқа дейінгі жол ұзындығынан (10 337 км) асады.
«Проверено» жазғандай, бұл – әлі де нақты дерек емес, себебі:
- капиллярлар ұзындығы өзгеріп отырады (жаңа капиллярлар пайда болып, ескілері жойылады);
- қан айналым жүйесі фракталдық құрылымға ие, яғни ұзындық өлшеу тәсіліне (масштабқа) байланысты өзгеріп тұрады.
Басылым 100 000 км деген тек бір ғалымның үлгі негізінде жасаған ғылыми дерек деп топшылайды. Өйткені Август Крог өз моделінде орташа салмақтағы адамды емес, нағыз алып денелі адамды негізге алған. Оған қоса, қазіргі зерттеулер оның бұлшық еттегі капиллярлардың тығыздығын айтарлықтай асырып жібергенін көрсетті. Бүгінде жүргізілген нақты есептеулерге сүйенсек, салмағы 70 келі болатын адам ағзасындағы қан тамырларының жалпы ұзындығы 9000–19 000 шақырым аралығында.