Дональд Трамптың туу құқығы бойынша азаматтық алуды жою жарлығына қарсы 22 демократиялық штат сотқа шағым түсірді. Бұл туралы Vlast.kz Reuters агенттігіне сүйеніп хабарлады.
Сотқа жүгінгендердің қатарында «Америкалық азаматтық құқықтарды қорғау одағы» мен уақытша қорғау мәртебесіне ие болған әрі наурыз айында босануға тиіс әйелдің шағымы да бар. Бұл мәртебе табиғи апаттар, қарулы қақтығыстар не басқа да төтенше жағдайлар болған елдерден келген босқындарға беріледі. Қазіргі уақытта 17 елден келген 1 миллионнан астам адамда уақытша қорғау мәртебесі бар.
Трамптың жарлығына сәйкес, егер баланың анасы не әкесі АҚШ азаматы немесе елдің заңды тұрғыны болмаса, АҚШ-та туған балалар америкалық азамат ретінде танылмайды.
Шағымданушылардың айтуынша, Трамптың жарлығы АҚШ Конституциясының азаматтық туралы бабын бұзады. Бұл бапқа сәйкес, АҚШ-та туған кез келген адам осы елдің азаматы бола алады. Олар сондай-ақ Жоғарғы соттың 1898 жылғы «АҚШ пен Вонг Ким Арк ісі» бойынша шешімін де еске салды. Бұл шешімде азаматтығы жоқ ата-анадан туған балалардың да АҚШ азаматтығына құқығы бары айтылған.
Массачусетс бас прокурорының кеңсесі Трамптың жарлығы күшінде қалса, ол жыл сайын АҚШ-та дүниеге келетін 150 мыңнан астам баланы азаматтық алу құқығынан айыратынын мәлімдеді. Азаматтықтан айырылған адамдар федералдық бағдарламалардан, соның ішінде медициналық сақтандырудан шектеледі, ал есейгенде олар заңды түрде жұмыс істей алмайды не дауыс бере алмайды.
Демократиялық штаттар мен құқық қорғау ұйымдары Трамп саясатына қатысты басқа да қосымша шағымдар түсірмек.