Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2024 жылы полицияға отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. 72 мың қорғаныс ұйғарымы беріліп, 16 мың оқиға бойынша сот шешімдері шығарылды. Бұл туралы Vlast.kz хабарлады.
Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 5,5 мың әйел жіберілген. Оның ішінде 3,7 мың әйелдің балалары бар. Елімізде барлығы 69 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.
“ІІМ жұмысының нәтижесінде кейінгі 5 жылда әйелдердің құқығына қол сұғатын қылмыстар екі есе азайды, оның ішінде зорлық-зомбылық 37,9% – ға, кісі өлтіру 49,3% – ға және ауыр дене жарақатын келтіру 8,7% – ға кеміді”, – деп мәлімдеді Үкімет.
Бұдан бөлек, 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт анықталды.
Сонымен бірге, министрлер кабинетінің баспасөз қызметі “Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы” жаңа бірыңғай заң әзірленгенін хабарлады. Заң бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмауға көңіл бөлінеді.