Қазақстандық профессор әлемдегі ең беделді ғалымдар тізіміне енді ме?

Кейінгі күндері интернет кеңістікте әлемдегі ең беделді ғалымдар тізіміне қазақстандық профессордың енгені туралы ақпарат тарап жүр. Сайттардың жазуынша, Сәрсенбек Монтаев “Әлемдегі ең беделді 2% ғалымның рейтіңіне” енген. Ақпаратттың рас-өтірігін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Қазақстандық профессор әлемдегі ең беделді ғалымдар тізіміне енді.

Сайттағы ақпарат

Үкім: Шындық

Stanford университеті Elsevier ғылыми баспасымен бірігіп жасаған “Әлемдегі ең беделді 2% ғалым” тізіміне Сәрсенбек Монтаевтың енгені рас. Дегенмен, көптеген сайттар Монтаевты ғана жазып, “ғалымдар тізімі” жайлы қате түсінік қалыптастырып жүр. Шындығына келсек, Сәрсенбек Монтаевтан бөлек басқа да қазақстандық ғалымдардың аты-жөні кездеседі. Бұл туралы “Болашақ” бағдарламасы мен “Назарбаев университеті” ресми сайттарында жариялады.

Stanford университетінің зерттеушілері библиометриялық зерттеу негізінде жыл сайын әлемдегі үздік ғалымдар рейтиңін жасайды. Рейтиң екі түрлі деректер базасынан тұрады: жалпы мансабында және кейінгі жылдағы ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар. Ең кейінгі дерек 2021 жылдың қорытындысы бойынша дайындалған. Тізімде Сәрсенбек Монтаевтан бөлек Нұрлан Оразалин (екеуі “Болашақ” түлегі), Ратбай Мырзақұлов және “Назарбаев университетінде” қызмет атқаратын ғалымдар да бар.

Сонымен қатар, кейбір сайттар Ратбай Мырзақұловты 2021 жылдағы “ең көп сілтеме жасалған ғалым” ретінде жазып жатыр. Біз сол ақпаратты да тексеріп көрдік.

Ратбай Мырзақұлов 2021 жылы ең көп сілтеме жасалған ғалым ретінде енді.

Сайттағы ақпарат

Үкім: Жалған

Stanford университеті Elsevier ғылыми баспасымен бірігіп жасаған рейтиңнің мәліметінше, 2021 Ратбай Мырзақұловтың ғылыми жұмыстарына 687 рет сілтеме жасалған, әрине, бұл жақсы жетістік. Дегенмен, бұл “ең көп сілтеме жасалған” дегенді білдірмейді. Тізімнің басында Оксфорд университетінде қызмет атқаратын Дуглас Алтман тұр, оның жұмыстарына 69 553 рет сілтеме жасалған, одан кейін Джемал Ахмедин (59 163 рет) мен Хе Кайминг (57 162 рет) жайғасқан.

Ратбай Мырзақұлов Scopus-қа ең алғаш 1986 жылы ғылыми мақаласын жүктеген, содан бері 290 жұмыс салған, барлық зерттеулеріне 7326 рет сілтеме жасалған. Қазіргі таңда профессор Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы “Еуразиялық халықаралық теориялық физика орталығының” директоры, “жалпы және теориялық физика” кафедрасында меңгеруші қызметін атқарады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz