Google Earth видеосындағы құбыжық шын ба?

2024 жылғы маусымда желіде теңіз жыланына ұқсас құбыжық бейнеленген видео тарай бастады. Онда Google Earth немесе Google Maps кадрлары көрсетілген, бейнежазбаны үлкейткен кезде бауырымен жорғалаушыға ұқсас тіршілік иесінің жанында қайықпен жүрген адамдарды көруге болады. Snopes фактчекерлері видеоның рас-өтірігін тексерді.

Сурет іздеу жүйесі бейнежазбаның MSN, YouTube, X және Instagram сияқты әртүрлі платформада тарағанын көрсетті.

Дегенмен, Snopes видео шындыққа жанаспайды деген қорытындыға келді. Өйткені басылымға картография бойынша сарапшы әлдекім Google Earth немесе Google Maps арқылы шынайы спутниктік деректерді алғанын, оған «Годзилла» фильмінен анимациялық кескінді қосқанын айтты.

Желіде кей видеода @hidden.on.google.earth TikTok аккаунтының атауы көрсетілген. Бұл парақшада спутниктік кадрлардағы басқа да құбыжықтардың видеосы жарияланады.

Фактчекерлер видео қалай түсірілгені жөнінде қосымша ақпарат алу үшін TikTok-та көрсетілген электрондық поштаға хат жазды. Бірақ парақша иесі әлі жауап бермеді.

Ал Колумбия университетінің Ламонт-Доэрти Жер обсерваториясының аға қызметкері Хейли Дреннон видеода Тайваньдағы Гишан аралы бейнеленгенін анықтады. 

Журналист

Factcheck.kz