2024 жылдың аяғында Facebook, Instagram және X желісінде алып акуламен суретке түскен адамдардың ақ-қара суреті тарады. Snopes суреттің рас-өтірігін тексерді.
Кейбір қолданушылар сурет 1900 жылдардың басында түсірілген және бұл мегалодон екенін жазған.
«20 ғасырдың басында Seesturm бортында болған неміс балықшылары Солтүстік теңізде ерекше олжа жасады: тірі мегалодон акуласы, миллиондаған жыл бұрын жойылып кеткен тіршілік иесі», – деп жазылған желідегі жазбада.
Бірақ ғалымдар мегалодон шамамен 3,6 миллион жыл бұрын жойылып кеткен алып су жануары деген еді. Snopes зерттеуінше, бұл мегалодонның шын суреті емес, жасанды интеллект туындысы екен.
Google-дың іздеу жүйесі сурет алғаш рет 2024 жылғы 24 қаңтарда Fantasy Creatures деп аталатын Instagram аккаунтта жарияланғанын көрсетті. Бұл парақша негізінен ЖИ көмегімен жасалған туындыларды жариялайды. Постта #aiartwork, #aiart және #generativeart сынды хештэгтер мен Midjourney, DALL-E 3 және Stable Diffusion сияқты ЖИ бағдарламаларының аты жазылған.
Суреттің дәл қай генератор арқылы жасалғаны белгісіз, бірақ ондағы адамдардың бұлыңғыр әрі бұрмаланған беті мен мегалодонды ұстап тұрған темірлердің шын мәнінде бұндай ауыр нәрсені көтере алмайтыны кескіннің ЖИ өнімі екеніне дәлел бола алады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.