Мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер көп пе?

15 мамырда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Динара Наумова елдегі ең маңызды тақырыптардың бірі – түлектердің мамандық бойынша жұмыс табу мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, жас мамандардың 40%-тен астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8%-ке жеткен. Осы орайда Factcehck.kz келтірген деректерді тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:00:05

Жоғары білім алған жас мамандардың 40%-тен астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді.

Динара Наумова, мәжіліс депутаты

Үкім: Дәлелбенбеген

Қазақстанда мамандық бойынша жұмысқа орналасқандарды анықтайтын нақты бір статистика жоқ. Дегенмен министрлер мен депутаттар кездесуде, брифингте және т.б. жиындарда осыған қатысты деректер келтіріп жүреді. Мысалы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице- министрі Ержан Біржанов брифингте түлектердің 40%-тен астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді деді. Ал бір жыл бұрын Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та дәл осы мәлімдемені жасады.

Шенеуніктер жоғарыда келтірген деректі “Атамекен” ҰКП талдауынан алған. Олар Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен жыл сайын университеттегі білім беру бағдарламаларына талдау жасай отырып, түлектер арасында мамандық бойынша жұмысқа орналасқандарын анықтайды. Дегенмен бұның өзі нақтылықты білдірмейді. Себебі талдау барысында түлектердің ай сайынғы зейнетақы салымдары ескеріледі, ал зейнетақы салымдары қандай жұмыс істесе де төленеді.

Фридрих Эберт қоры 2021жылы “Қазақстан жастары: құндылықтарын, сенімін, мақсатын бағалау” атты зерттеу жүргізді. Зерттеуде 14-29 жас аралығында 100-ге жуық жаспен сұхбат жүргізілген. Сондағы ақпаратқа сай, 41,9% жастар мамандық бойынша жұмыс істемейді. Жастардың үштен бірі “жұмыс табу оңай” десе, 10,5%-і “өте қиын” деп жауап берген. Жастардың көпшілігі мемлекеттік секторға қарағанда, жеке секторда жұмыс істегенді ұнататыны анықталды.

Статистика бойынша 2022 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылғыдай 3,8%-і құрады.

Динара Наумова, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы жастар арасындағы (15-34 жас) жұмыссыздық деңгейі 3,8%-і құрады. 2021 жылы да бұл көрсеткіш 3,8% болған.

Сауалнамаға сәйкес, Қазақстанда кадрларға аса мұхтаж салалардың арасында – сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл, орман және балық шаруашылығы бар.

Динара Наумова, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлік палатасы “2023-2025 жылдарға арналған мамандарға қажеттілік” талдауына сай, Қазақстанда 134 мыңнан астам маман жетіспейді. Оның ішінде сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, ауыл, орман және балық шаруашылығының мамандықтары бар.

Ал сұранысы жоғары мамандықтар ішінде тігінші, аспаз, бухгалтер, тәрбиеші, автомеханик, сату менеджері және т.б. кіреді.

Мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер көп пе?

Қызметкерлердің төрттен бірінен астамы жұмысқа жоғарғы білімсіз орналаса алады, ал әрбір бесінші вакансия үшін міндетті түрде жоғарғы білім керек.

Динара Наумова, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

“Атамекен” палатасының зерттеуіне сай, расымен де қыхметкерлердің төрттен бір бөлігі жоғары білімсіз жұмысқа орналаса алады. Сондай-ақ әрбір бесінші вакансияға жоғары білім қажет. Бұл сауалнамаға 51 мыңнан астам кәсіпорын мен жеке кәсіпкер қатысқан.

“Атамекен” ҰКП басқарма төрағасы орынасары Тимур Нақыпбековтың айтуынша, мұндай талдаулар жыл сайын жүргізіледі.

«Мұндай талдауды Ұлттық палата жыл сайын жүргізетіндіктен, жағдайдың айтарлықтай өзгермегенін байқауға болады. Кәсіпкерлер арасында жалпы қажеттіліктің 70%-дан астамы жұмысшы мамандарға тиесілі. Заңгер, менеджер, экономист мамандарды іздейтін кәсіпкерлер аз. Айта кетейік, жұмысшы тобы – еңбекақысы төмен лауазымдарға жатады. Олардың жалақысы 115 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейін болады. Табысының орташа деңгейі – 147 мың теңге», – деді Тимур Нақыпбеков.

Тимур Нақыпбеков, “Атамекен” ҰКП басқарма төрағасы орынасары

Біз бұған дейін де басқа депутаттың келтірген дерегін тексерген едік, төменнен оқи аласыздар!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz