Енді жасанды интеллект туралы заңнаманы бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Тиісті заң жобасы Мәжіліс сайтында жарияланды.
Құжатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті (ӘҚБтК) 641-1-баппен (Қазақстан Республикасының жасанды интеллект туралы заңнамасын бұзу) толықтыру ұсынылған . Бұл бап бойынша мына құқық бұзушылықтар қарастырылған:
- ЖИ жүйелерінің иесі немесе меншік иелері генератив жүйенің қолданушыларды шатастыруы мүмкін ақпаратты жеткізбеуі;
- ЖИ жүйелерінің иесі денсаулыққа, адамдардың әл-ауқатына зиян тигізетін, тыйым салынған ақпаратты таратуға, дискриминацияға немесе адам құқықтарын бұзуға әкелетін жағдайларда қауіпті басқармауы (егер бұл әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке жатпаса).
Осы құқық бұзушылықтар үшін айыппұл салу ұсынылып отыр: жеке тұлғаларға – 15 АЕК (58 989 теңге), орта бизнес иелеріне – 30 АЕК (117 960 теңге), ірі бизнес иелеріне – 100 АЕК (393 200 теңге). Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері артады.
Контекст
Жақында Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған енгізілетін өзгерістерді талқылады. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева заң жобасының негізгі тұстарын түсіндіретін құжатты жариялады. Оған сәйкес, ЖИ жүйелерін үш топқа бөлу жоспарланып отыр: көмекші (ассистенттер), жартылай автономды және толық автономды жүйелер. Толық автономды жүйелер – алдын ала берілген нұсқауларға тәуелсіз шешім қабылдайтын және иесінің бақылауына көнбейтін жүйелер. Қазақстанда мұндай технологияларды жасауға және пайдалануға тыйым салынбақ.