BBC Агата Кристидің ЖИ бейнесі оқытатын детектив курсын ұсынды

Әйгілі британдық жазушы Агата Кристидің цифрлық бейнесі енді болашақ детектив жазушыларды оқытады. BBC Maestro платформасы жазушының мұрагерлерімен бірлесе отырып, жаңа онлайн-курсты іске қосты. Бұл туралы The Times жазды.

Бұл курс миллиондаған данамен сатылған 66 детектив романға, оның ішінде «Шығыс экспрессіндегі кісі өлтіру», «Нілдегі өлім» сияқты туындыларға, 14 әңгімелер жинағына және атақты «Тышқан аулау» пьесасына негізделген. Агата Кристидің ЖИ бейнесі шығармаларды жазу барысында қандай әдістерді қолданғанын айтып береді.

1976 жылы 85 жасында дүниеден өткен Кристиді актриса Вивиен Кин сомдайды. Жазушының түрі мен дауысы компьютерлік графика көмегімен өңделіп, цифрлық кейіпке келтірілген.

Жасанды интеллект негізіндегі «Агата» өткізетін курс 10 сабаққа бөлінген. Сабақтар жазушының достары мен туыстарына жазған хаттарына, сұхбаттарына және жеке жазба дәптерлеріне сүйене отырып дайындалған.

Агата Кристидің шөбересі әрі Agatha Christie Limited компаниясының атқарушы директоры Джеймс Причардтың айтуынша, өзі мен әкесі жазушыны барынша жақсы таныса да, курс барысында көп нәрсе үйренген. «BBC Maestro құрған зерттеушілер тобы Кристидің шығармаларынан жазуға қатысты өте бай идеялар мен ой-тұжырымдар жинай алды», – дейді ол.

Ал BBC Maestro платформасының атқарушы директоры Майкл Левайнның пікірінше, Кристидің кеңестері жазушылыққа бет бұруға жүрексінетін авторларға шабыт береді. Егер бұл курс сәтті өтсе, платформа болашақта ЖИ көмегімен Дж.Р.Р. Толкин, Эрнест Хемингуэй және Джейн Остин сияқты басқа да классик жазушыларды «тірілтіп», оқыту жобаларын жасауды жоспарлап отыр.

Басты беттегі сурет The Times басылымынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz