Жалған ақпарат туралы бап сөз бостандығын шектеу құралы ма?

2024 жылы Алматының ауданаралық соты Азаттық радиосының Қазақстандағы өкілдігін «жалған ақпарат таратты» деп танып, 50 АЕК айыппұл салған еді. Өкілдік директоры Қасым Аманжол істі тоқтатуды сұрағанымен, үкім өзгеріссіз қалды. Қазақстанда осы секілді журналистер мен қоғам белсенділерін «жалған ақпарат таратты» деген айыппен сөз бостандығы шектеліп жатқан жайттар бар. Осыған байланысты Factcheck.kz жалған ақпаратқа қатысты баптардың қолданылуын және оның сөз бостандығына әсерін талдады.

«Жалған ақпарат» нақты қалай анықталатыны белгісіз

Қазақстанда жалған ақпарат тарату туралы бап қылмыстық кодексте де, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте де бар. ҚР ҚК-нің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деп аталады. Бұл баптың 4 тармағы бар. Көбіне журналистер мен қоғам белсенділеріне қатысты баптың 2-тармақ, 3-тармақшасы қолданылады. Яғни, масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдаланып жалған ақпарат тарату деп көрсетілген. Сондай-ақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы да жалған ақпарат таратуға байланысты. Бұл баптың 1 және 3-тармақтарында масс-медиа мен онлайн платформаларда жалған ақпарат тарату құқық бұзушылыққа әкелетін жазылған. «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова кодекстерде көрсетілген баптар жалған ақпаратты нақты қалай анықтау керек екенін көрсетпейтінін айтты.

Баптарда «жалған ақпарат» нақты қалай анықталатыны ашып көрсетілмеген, бұл интернет пайдаланушылар үшін қауіпті. Өкінішке қарай, екі бап та нақты іс жүзінде қолданыста. Әрине, әкімшілік жауапкершілік қылмыстық жауапкершілікке қарағанда жұмсағырақ, бірақ жиі қолданылады. Мысалы, Жәмила Маричева мен Азаттық радиосының істерін еске түсірейік.

Гүлмира Біржанова

Гүлмира Біржанова баптардың тағы бір күмәнді тұсы деп, олардың іріктеп қолданылуын айтты.

Сондай-ақ, бұл баптардың іріктеп қолданылуы жиі байқалады. Мәселен біреулер жалған ақпарат таратқаны үшін жазасыз қалса, енді біреулерді пікір білдіргені үшін жазаға тартады. Кейде ешқандай нақты қауіп болмаған күннің өзінде, жалған ақпарат таратты деп танып, жаза тағайындайды.

Гүлмира Біржанова

Қазақстандағы жағдай

Статистика

Алдымен, еліміздегі жалпы статистикаға шолу жасайық. Qamqor.gov.kz дерегіне сәйкес, 2024 жылы ҚК-тің 274-бабы бойынша, көрінеу жалған ақпарат тарату ісімен 58 жағдай, ал, әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 456-2-бап бойынша 119 іс тіркелген. Соның ішінде 1-тармағы, яғни масс-медиада, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректердің интернет-порталында жалған ақпарат тарату бойынша 10, ал, үшінші тармағы онлайн-платформаларды пайдаланушылардың 98 жағдай тіркеуде болған. 2025 жылдың сәуір айына дейін, қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 26 іс, ӘҚБтК – 456-2-бабы бойынша 42 іс тіркелген.

Құқық қорғау ұйымдары коалициясының шағымы

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары коалициясының 2024 жылғы Универсалдық мерзімді шолу аясындағы Қазақстан Республикасына берілген ұсыныстардың орындалуына бағалаған баяндамадасында, ҚК-274-бабы сөз бостандығының сақталмауына әсер ететіні айтылып, алайда ұйым өтініші бойынша баптарға әлі өзгеріс енгізілмегені жазылған. Сондай-ақ, ӘҚБтК – 456-2 бабында жалған ақпарат туралы нақты түсіндерме жоғы көрсетіліп, интернет қолданушылар үшін қауіпті екені баяндалған.

Азаттық пен Жәмила Маричев мысалы

2024 жылы Алматының әкімдгінің құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақстандағы өкілдігін Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 456-2-баптың 2-тармағы бойынша, яғни жалған ақпарат таратты деп танып, 50 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салу жөнінде шешім шығарған еді. Азаттықтың Алматыдағы өкілдігінің директоры Қасым Аманжол бұл істі тоқтатуды сұраған. Іс Шымкент тұрғыны Әлішер Тұрабаевтың шағымы негізінде қозғалды. Ол 2024 жылы 13 қыркүйекте шыққан видеода «прокурор 8 жыл сұрады» деген ақпаратты жалған деп есептеген, себебі жарыссөз тек 16 қазанда басталған. Азаттық бұл техникалық аударма қатесі екенін мойындады: орыс тіліндегі «грозит до 8 лет» тіркесі «прокурор сұрады» деп қате аударылған. Ұйымның адвокаты арыздың заңсыз екенін айтып, істі тоқтатуды сұраған.

2024 жылдың 30 қаңтарында ProTenge жобасы, сол кезде аккредитация алмаған Азаттық тілшілерін қолдап телеграм-арнада жазба жариялады. Мәдениет және ақпарат министрлігі онда «жалған ақпарат бар» деп ішкі істер министрлігіне хат жолдаған. Осы негізде Алматының Бостандық аудандық полициясы жоба жетекшісі Жәмила Маричеваға қарсы «жалған ақпарат таратты» деген айыппен әкімшілік іс қозғап, сотқа берген еді.

Сөз бостандығын бақылу тетігі

«Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова бұл баптар «дезинформацияға қарсы күрес» қоғамды қорғау құралы ретінде жазылса да, іс жүзінде сөз бостандығын бақылау тетігі ретінде қолданылып жүргенін сөз етті.

Ең үлкен мәселе – бұл баптарды қолдануда пікір еркіндігі мен жалған ақпаратқа қарсы күрестің арасындағы тепе-теңдік сақталмауында. Көбінесе бұл баптар саяси мақсатта қолданылады, яғни журналистердің пікірі билікпен сәйкес келмесе, оларды жауапқа тартып жатады. Менің ойымша, «дезинформацияға қарсы күрес» нормалары қоғамды қорғау құралы ретінде жарияланса да, іс жүзінде ол сөз бостандығын бақылау тетігі ретінде қолданылып отыр. Сондай-ақ, журналистер осындай сот істерін көріп, өздігінен цензураға ұшырайды, бұл сөз еркіндігіне кері әсер етеді.

Гүлмира Біржанова

Factcheck.kz осыған дейін Қазақстан мен әлемдегі сөз бостандығының бүгінгі сипаты туралы жазған еді. Еске салсақ, биыл баспасөз еркінді туралы әлемдік рейтиңде Қазақстан қызыл аймақта орналасып, 141-орынға жайғасқан.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz