Тәуелсіздік жылдары мектептерге қарағанда мешіттердің көп салынғаны рас па?

Наурыздың 30-ы күні Алматыда үлкен мешіттің ашылуы өткен еді. Мешітке 20 000-ға жуық адам жиналған. Осы тұста желіде тәуелсіздік алғалы Қазақстанда мектептерге қарағанда мешіттер көп салынды деген дерек тарады (1, 2, 3). Жазбаға сүйенсек, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда 751 мектепке азайып, 2 842 мешіт бой көтерген. Ақпаратты Factcheck.kz тексерді.

Тәуелсіздік жылдары мектептерге қарағанда мешіттердің көп салынғаны рас па?
Instagram әлеуметтік желісінің скриншоты

Үкім: Шындыққа жақын

1991 жылы 46 емес, 63 мешіт болса, 2024 жылы 2 888 болған. Яғни, 2 825 мешіт салынған. 1991 жылы қанша мектеп болғаны туралы министрлік жауабында да, stat.gov порталында да дерек жоқ. Министрлік бізге тек 1993 жылғы ақпаратты ұсынады. Ол жылы 8 953 мектеп болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 7 964-ке дейін төмендеген. Осы аралықта мектеп саны 751-ге емес, 989-ға азайған.

Мектептердің саны неге азайды?

Министрліктің жауабына сәйкес, елімізде 7 092 мектеп мемлекеттік бюджет қаражатына салынса, 800-ден астамы жекеменшік қаражатқа бой көтерген. 1993 жылы 11 ғана жекеменшік мектеп болған. Қалған 8 942-і мемлекеттікі еді. Министрлік мектептер санының азаюын ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептердің саны қысқаруымен байланыстырды. Сондай-ақ, үкімет кәсіпкерліктің дамуы нәтижесінде жеке меншіктер мектептердің пайда болуы да мектеп статистикасына әсер еткені жөнінде жауап берді.

Мешіттер неге көбейді?

Ал, мешіт саны туралы ресми дерек ұсынатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, мешіт істері бөлімінің маманы Марат Абдуллаұлының сөзінше, еліміздегі мешіттер мемлекеттің бюджетіне салынбаған. Мешіттерді негізінен жеке кәсіпкерлер немесе қоғамдық қорлар салады. Сол үшін, олардың салынуында шектеу жоқ. Яғни, кез келген азамат өз қаражатына мешіт сала алады деген сөз. Көбеюінің де себебі сол болса керек.

Сондай-ақ, мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты дін істер комитеті де осыны айтып отыр. Мешіт құрылысына, оған қаржы бөлу ісіне үкімет араласпайды. Бұл туралы арнайы заң немесе қағида болмаса да, бұл Қазақстанның зайырлы ел екендігіне байланысты.

Мешіт пен мектеп санын салыстыру неге қисынсыз?

Жоғарыда жазғанымыздай, мектептердің басым бөлігі мемлекеттік бюджет есебінен салынса, мешіттер жеке адамдардың қаражатынан тұрғызылады. Мектептер салуда алдымен арнайы жоспарлар құрылады. Алдын ала мемлекеттік бюджеттен ақша қарастырылады. Содан соң ғана құрылыс басталады. Статистика көрсеткендей, жеке кәсіпкерлер қолдауымен салынған мектептер аз. Ал, мешіттердің барлығы қоғамдық қорлар мен кәсіпкерлердің салған нысандары.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz