Фейк: Сорбұлақ көліндегі қолтырауын

Әлеуметтік желілерде қолтырауынға ұқсас жануардың судағы бейнесі тарап жатыр. Қазақша парақшалар видеоға «Сорбұлақ көлі» мәтінін қойған (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7). «2GIS» қосымшасын қолданушылардың бірі «онда қолтырауын бар, бармаңыздар» деген пікір қалдырып, желідегі видеоның суретімен бөліскен. Factcheck.kz күмәнді видеоны тексеріп көрді.

Фейк: Сорбұлақ көліндегі қолтырауын
Instagram желісінің скриншоты

Үкім: Фейк

Қазақ тіліндегі видеолар тарамас бұрын, Бразилиялық басылымдар видеоның Арагуайя өзенінде түсірілгенін жазған (1, 2, 3). Латын Америка медиа ұйымдары оқиғаның мамырдың 30-ы болғанын жазып, 24 жастағы Исаак Дос Сантос Сильва есімді студенттің түсіргенін айтқан. Қазақша тараған видеоларға дауыс қойылып, өңделген. «Сорбұлақ көлі» мәтінімен алғаш ақпарат таратқан «alban_almaty88888» атаулы парақша, осыған дейін Қапшағай туралы да фейк таратқан еді. Онда да видеоға жалған дауыс қойғанын жазғанбыз.

Толығырақ

Қапшағайда акула жүргені туралы фейк ақпарат таратқан «alban_almaty88888» атаулы парақша, кейін маусымның 3-і, Сорбұлақтағы қолтырауын туралы видео жариялайды. Видеоға «мынаны қараңдар, Сорбұлақтың суында сом емес крокодил жүр ғой» деген дауыс қойылғанын байқаймыз. Кейін қазақ тілді парақшалар осы видеоны бөлісе бастады.

2 маусымда Бразилиялық басылымдар видеоның Токантинс штаты мен Пара штаты арасындағы Арагуайя өзенінде түсірлегенін жазады. Медиада ешкім зардап шекпегені көрсетілген. 24 жастағы ауылшаруашылық факультетінің студенті Исаак дос Сантос Силва Арагуайя өзенінде жүзіп жүрген жануарға жақындамақ болған кезде аллигатордың шабуылын видеоға түсіріп алғаны айтылады. Мақалаларда студенттің «біз қозғалыссыз қалқып бара жатқан аллигаторды кездестірдік, шамасы, жараланған. Жақындағанда өлген деп ойладық. Әкем өлшейміз деп тоқтатты, кенеттен қатты қорқып кеттік», – деген пікірі жазылған. Латын Америкалық басылымдар оқиғаның мамырдың 30-ы болғанын, 31-і жануарды өзге де тұрғындар көргенін жазды.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz