2024 жылы Алматыдағы метрода ер адам рельске құлап қайтыс болған еді. Сол кездегі Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың инфрақұрылымы инклюзивті стандарттарға сай емесін айтып, метроны сынға алды. Кейін Алматы метрополитені платформаға қоршау орнату үшін 14 миллион теңге жұмсап, тағы да медиада сынға қалды.
2025 жылдың маусым айында Алматы қаласы әкімдігі метро жайлы ақпарат пен жарнамаларды БАҚ-та жариялау үшін тендер ұйымдастырды. Factcheck.kz редакциясы тендердің бірнеше күмәнді тұсын байқады.
Бірінші тендер: талаптарға қатысты шағым
Алматы қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны метро жұмысы жайлы БАҚ-та жарнама және ақпарат жариялау қызметіне 17 055 500 теңгеге тендер жариялады. Қызығы, тендер үшінші рет жарияланған соң ғана жеңімпаз анықталған.
Бірінші тендер сәуірдің 29-ы ұйымдастырылды. Тендердің техникалық сипаттамасына РА «Twelve creative» ЖШС-і шағым білдірген. Компания «талапта көрсетілген іскерлік-әкімшілік, коммерция және менеджмент мамандарының қызметі БАҚ-қа қатысты емес, бұл жағдайда журналист, редактор, операторлар қажет. Белгілі бір тапсырыс орындаушыға арнап жазылғандай күмәнді» деп жазды. Тапсырыс беруші «Метрополитен» КМК-ның жауабына сай, блогерлер таратқан жалған ақпарат метроның беделіне нұқсан келтіргендіктен тексеріс көбейіп, кәсіпорын негізгі жұмыстан алшақтап қалған. Кәсіпорын өкілі «Іскерлік әкімші — ұйымның мақсатқа жетуін қадағалайтын маман. БАҚ-пен жедел байланысып, ақпарат пен жарнаманың толық әрі дәлме-дәл жариялануын қадағалауы қажет. Яғни, бұл жобаға журналистер ғана емес, PR компания қажет» деп жауап берді. Тендерге ешқандай өтінім түспеген, жеңімпаз анықталмады.
Бұл ескертулер екінші тендерде де, үшінші тендерде де елеусіз қалды. Яғни, техникалық сипаттамадағы талап өзгертілмеді.
Екінші тендер: екі компания өтінім берсе де, жеңімпаз анықталмады
Кейін мамырдың 14-і күні тендер қайта жарияланды. Екінші тендерге де РА «Twelve creative» ЖШС-і дәл сондай шағым қалдырған. Бұл шағымда да техникалық сипаттамадағы мамандардың БАҚ-қа қатысы жоқ деген мәтін бар. Компания бейінді емес мамандарға түсініктеме беруді, сондай-ақ, тағы да заңды біліктілік талаптарын түзетуді талап етті.
Екінші тендердің хаттамасында екі компания өтінім бергенін байқауға болады. Олар «Media Business Agency» ЖШС және «IRAM» ЖШС. Десе де, екі компания да тендерді жеңіп алмады. Себебі, тендерді ойнатушы тарап компаниялар біліктілік талаптарына сай келмейді деп көрсеткен.
Кейінгі тендер: “біліктілік талаптарына сай келмейтін” жеңімпаз
Маусымның 3-і «Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны бөлінген қаражат пен техникалық талаптарын өзгертпестен тағы да тендер жариялады. Жоғарыда жазылған екі тендерде айтылған ескертулер еленбеген, яғни техникалық сипаттамасы да, сомасы да дәл солай қалды. Үшінші тендерге бір ғана компания өтінім берген. Бұл – «Media business agency» ЖШС-і. Қызығы, осы компания екінші тендерде менеджмент маманы және коммерция, маркетинг саласында тәжірибелі жоба басшысының жарнама бойынша кемінде 3 жыл жұмыс өтілі болуға тиіс деген біліктілік талабына сай болмаған еді.
Кейін компания жеңімпаз атанған тендерде де дәл осы талап өзгеріссіз қалды. Яғни, жеңген компанияның 3 жыл тәжірибесі болуы керек. Екі тендердің жариялану уақыт аралығы бір айға жуық деп алсақ, осы уақытта жеңімпаз компанияның тәжірибе өтілі 3 жылға дейін қалай созылғаны белгісіз.
Енді жеңімпаз туралы зерттеп көрейік
Компания 2011 жылы тіркелген, иесі — Новаковская Ирина Александровна. Кәсіпкер ретінде жарнамалық агенттік деп тіркелген. 2016 жылы сатып алымға қатыса бастады. Сол жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы акционерлік қоғамының 9 тапсырысын орындады. Одан кейін, 2025 жылға дейін ешқандай тендер жеңбеген. 2015-2025 жылдар аралығанда жалпы 145 655 543 теңге салық төлеген.
Тендердің техникалық сипаттамасы
Тендердің техникалық сипаттамасына сәйкес, тапсырыс орындаушының Instagram, ВКонтакте және YouTube, Facebook әлеуметтік желілерінде кемінде 700 000 оқырман болуы шарт. республикалық БАҚ-тарда сұқбат форматында PR белгісінсіз қазақ тілінде 3 материал, орыс тілінде 9 материал жариялануы керек. Бұдан бөлек, алтын батырмасы мен 1 миллион жазылушысы бар YouTube арнада орыс тілінде 15-20 минуттық 2 сұхбат жариялау міндеттелген. Қызметтердің жасалу мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсетілген.
Өткен жылдан 4 есе көп
Осы қызметке өткен жылы да тендер жарияланған. Қызығы 2024 жылы БАҚ-та жарнама және ақпарат жариялау қызметіне 4 683 657 теңге бөлінген. Бұл биыл бөлінген сомадан 3,6 есеге аз. Сол жылы жеңімпаз ретінде «Internet portal Nur» ЖШС таңдалды. Тендердің техникалық сипаттамасына сай, компанияның қазақстандық жаңалық порталында кемінде күнделікті 700 000, айына 8 миллион көрушісі болуы керек. Бұл рейтиңді Google analytics Yandexmetrika арқылы дәлелдеуі қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде 3 000 000 астам оқырман болуға тиіс.
Контекст
2024 жылдың 10 желтоқсанында 26 жастағы көзі нашар көретін Қанат Батқалғазы Абай метро бекетіндегі рельске құлап, қайтыс болған еді. Кейіннен 2025 жылдың басында платформаға, яғни вагондар тоқтайтын жердегі бос кеңістікке қоршау орнатылды. Қоршауға 14 миллион теңге жұмсалған. «Метрополитен» КМК-ның бұл шешімі әлеуметтік желіде, медиада сынға қалды (1, 2, 3). Тіпті, Жапония, Оңтүстік Кореяның метросындағы қоршаумен салыстыра жазған. Алматы метросы «қоршау уақытша орнатылған, қажет болған жағдайда қайта бұзылады, өйткені перронды (экраны бар) есіктер орнатуға ұзақ уақыт қажет» деп түсіндірді.
Материалды Нұрбибі Айтбайқызы дайындады