Алаяқтар «Қазатомөнеркәсіп» атынан жалған инвестициялық платформаны әлі насихаттап жүр

«Қазатомөнеркәсіп» атынан ашылған фейк инвестициялық платформа — жиі кездесетін ұзақмерзімді алаяқтық схемалардың бірі. Бұл туралы алғаш рет наурыз айының аяғында жазғанбыз. Алайда әлеуметтік желілерде осы платформаға қатысты жарнама әлі күнге дейін тарап жатыр. Ақпарат тарату тәсілі айтарлықтай өзгермеген: жалған баннерлер, акциялар, сондай-ақ бұрынғы «Қазатомөнеркәсіп» басшысы әрі кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің және қазіргі компания басшысы Мейіржан Юсуповтың бейнесі қолданылған дипфейктер пайдаланылады.

Мұндай алаяқтық схемалардың басты ерекшелігі — олардың жарнама құралдары арқылы таралуы. Яғни алаяқтар нақты жарияланымдарды жарнамалау үшін ақша төлейді, сол себепті бұл жазбалар Facebook, Instagram, YouTube және басқа да платформаларда қазақстандық аудиторияның — белгілі бір жас санатындағы қолданушылардың лентасында пайда болады. Жарнамалық пост пен қарапайым жазбаның айырмашылығы осы.

Meta жарнама кітапханасынан «Қазатомөнеркәсіп» пен «Жәкішев» сөздері бойынша іздеу арқылы ондаған фейк жарияланым табуға болады. Төменде осы материал жарық көрерден бір апта бұрын жүргізілген іздеудің екі скриншоты келтірілген (мұнда материалдың орыс тіліндегі нұсқасы 27 мамырда жарияланған уақыты меңзеліп отыр).

  • Алаяқтар «Қазатомөнеркәсіп» атынан жалған инвестициялық платформаны әлі насихаттап жүр
  • Алаяқтар «Қазатомөнеркәсіп» атынан жалған инвестициялық платформаны әлі насихаттап жүр

Осы материал жарияланған күні «Қазатомөнеркәсіп» пен «Жәкішев» деген кілтсөздер бойынша жүргізілген іздеудің скриншоттары (мұнда материалдың орыс тіліндегі нұсқасы 27 мамырда жарияланған уақыты меңзеліп отыр).

  • Алаяқтар «Қазатомөнеркәсіп» атынан жалған инвестициялық платформаны әлі насихаттап жүр
  • Алаяқтар «Қазатомөнеркәсіп» атынан жалған инвестициялық платформаны әлі насихаттап жүр

Жарнамалардың түрлі аккаунт арқылы таратылып жатқанын байқауға болады (Әдетте бос парақшалар). Олар кейде нақты адамдарға, компанияларға не бұқаралық ақпарат құралдарына ұқсап жасалады.

Жарнама мәтіндері әртүрлі болуы мүмкін, бірақ барлығының мақсаты бір — қолданушыны жалған «табыс платформасының» сайтына өтіп, жеке деректерін енгізуге көндіру.

Мысалы, Мұхтар Жәкішевтің бейнесі қолданылған дипфейк видеода әлеуметтік желі қолданушыларына өтірік табыс көзі ұсынылады. Видеода бизнесмен атынан «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына инвестиция салу, арнайы жоспарға қол жеткізу, пассив табыс табу, тіпті Жәкішевтің өзі ұсынған қадамдық нұсқаулық секілді ұсыныстар жасалады. Уәде етілетін пайда көлемі әр видеода әртүрлі: бірінде аптасына 700 мың теңге, енді бірінде 270 мың теңге, ал кейбірінде жай сауалнамаға қатысқаны үшін 350 мың теңге төленетіні айтылады.

Көптеген видеода сенімділік үшін табысқа жеткенін айтып, «нақты пайда» көрген адамдардың бейнесі көрсетіледі. Мұхтар Жәкішевтің бейнесі қолданылған дипфейк-видеода көрермен өзін жүз адамның ішіндегі «бақытты жеңімпаз» сезінуі керек екені айтылады. Онда Жәкішевтің өзі ештеңе талап етпейтіні, қаржылық тәуелсіз адам екені, бар болғаны халқына көмектескісі келетіні айтылады. Сонымен қатар пайдаланушыны тез шешім қабылдауға итермелейді: әрі уақыт бойынша, әрі қатысушылар саны жағынан ұсыныс шектеулі делінеді.

Дипфейк — жасанды интеллект негізінде бейне немесе дауыс синтездеу әдісі. Арнайы бағдарлама белгілі бір адамның фото және видеоларын өңдеп, оның бет-әлпетін, мимикасын, дауысын таниды да, кейін сол бейнені басқа адамның үстіне «жабады» және бет қимылдарын сәйкестендіреді. Бірақ бұл әдістің қарапайым нұсқалары да бар. Мысалы, саяси манипуляцияға немесе алаяқтық схемаға арналған фейктерде дайын видео алынып, тек сөйлеу мәтіні мен дауыс ауыстырылады. Мұндай жағдайда жасанды түрде тек дауыс жасалады, ал бейнеде тек ерін мен иек қимылы өзгертіледі (1, 2). Бақытымызға орай, осындай дипфейктерді тексеру де оңай. Кескінді кері іздеу арқылы фейк жасалған түпнұсқа видеоны табуға болады.

Жарнамаланған «табыс платформасы» дегеніміз — тек жеке мәліметтерді жинауға арналған қарапайым сайт. Онда уәде етілгендей ешқандай «инвестициялық құрал» жоқ. Қолданушы қысқа тесттен өткен соң, аты-жөнін және телефон нөмірін қалдырады. Содан кейін «маман» хабарласады деген желеумен алаяқтар байланысқа шығып, адамды қаржы салуға көндіруге тырысады.

Алаяқтар «Қазатомөнеркәсіп» атынан жалған инвестициялық платформаны әлі насихаттап жүр
Алаяқтық сайттың басты бетінің скриншоты

Тағы бір нақтылай кететініміз, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы да, оның қазіргі басшысы Мейіржан Юсупов та, сондай-ақ экс-басшы Мұхтар Жәкішев те бұл жарнамаға ешқандай қатысы жоқ екенін айтып келеді. Олар фейк ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарған (мысалдар мына жерде және мына жерде).

Мұндай алаяқтық схемаларды тану қиын емес. Тіпті дипфейкті анықтау әдістерін білмесеңіз де, төмендегі үш қадам арқылы жарнаманың рас-өтірігін түсіруге болады.

  • Жарнама кімнің атынан жарияланғанына назар аударыңыз. Хабарлама жарнамада көрсетілген компанияның немесе тұлғаның ресми парақшасында жарияланбаған болса, ондай ақпаратқа күдікпен қараған жөн.
  • «Табыс платформасы» орналасқан сайттың мекенжайын тексеріңіз. Сайттың домені жарнамада көрсетілген компанияға тиесілі болмаса, бұл — тағы бір айқын белгі. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» атынан таратылған жалған жарнамалар келесі мекенжайларда орналасқан: exploresall.com, datapathsway.com, gethefting.com, openosamalid.com, zvetetinvet.pro, dilvoro.store, fyrentalabs.site. Бұл мекенжайлардың ешқайсысы да kazatomprom.kz ресми доменіне ұқсамайды.
  • Ресми парақшаларды тексеріңіз. Жарнамада аталған компаниялар мен тұлғалардың ресми парақшаларын қарап шығыңыз. Көп жағдайда олар мұндай жалған ақпаратты алдын ала жоққа шығарып үлгереді.

Контекст

Жасанды интеллект технологияларының дамуына байланысты дипфейк секілді ЖИ арқылы жасалған жалған ақпарат көлемі де артып келеді.

2025 жылғы 14 мамырда мәжілісте жасанды интеллект туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Ерлан Сайыров ЖИ-мен жасалатын алаяқтық әрекеттерді әлеуметтік «індетке» теңеді. Оның айтуынша, мұндай алаяқтықтан жапа шеккен қазақстандықтардың саны ондаған мыңға жеткен, ал киберқылмыстың экономикалық залалы миллиардтаған теңгеге бағаланады.

Сол күні дипфейк контентін жасау және тарату үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл — 2025 жылғы есеп бойынша 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі (яғни 58 980 теңгеден 393 200 теңгеге дейін) айыппұл. «Бұл мөлшер кәсіпкерлік субъектісінің түріне байланысты болады», – деді депутат Екатерина Смышляева.

Алайда жалған аккаунттар арқылы таратылатын, әрі Қазақстан аумағынан тыс жерлерде орналасуы мүмкін дипфейктер үшін нақты кім және қалай жауапқа тартылатыны әзірге нақтыланған жоқ.

Factcheck.kz