СҚО-дан 10-мыңға жуық адам көшіп кеткені рас па?

Депутат Айгүл Қапбарова сенат отырысында Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне көшіп жатқандар туралы мәселе көтеріп, бірқатар деректер келтірді. Factcheck.kz депутат айтқан деректерің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс тұрғындарының саны [СҚО облысы – ред.] 3 мыңнан астам адамға кеміген.

Депутат Айгүл Қапбарова

Үкім: Жартылай шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының тұрғын саны 3 966 адамға кеміген. Облыста жыл басында халық саны 548 755 адам болса, 1 қарашасына 545 056 адам қалған.

Он сегізінші, он тоғызыншы [жылдары – ред.], осы жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден 5 123 адам қоныс аударса, есесіне өңірден 10 мыңға жуық адам көшіп кеткен.

Депутат Айгүл Қапбарова

Үкім: Жартылай шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, Солтүстік Қазақстан облысына Оңтүстік өңірден (Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларынан) 2018, 2019 жылдары және 2020 жылдың алғашқы 9 айында 4 817 адам қоныс аударған. Бюро ақпаратына сенсек, осы уақыт аралығында СҚО-дан 9 979 адам көшіп кеткен.

Алайда бұл тек сыртқы көші-қонға сай келетін дерек. Себебі жалпы қоныс аударған адам саны бұдан әлдеқайда көп. Мысалы, өңірден 2018 жылы 25 400 адам, 2019 жылы 29 832 адам, 2020 жылдың алғашқы 9 айында 15 151 адам көшкен.

Соңғы бес жылда елімізден 189 765 адам қоныс аударса, 70 933 этникалық қазақ көшіп келді. Айырмашылық 118 832 адамды құрайды.

Депутат Айгүл Қапбарова

Үкім: Жартылай шындық

Талдау ақпараттық-талдамалық жүйесінің дерегіне сай, соңғы бес жылда елімізден расымен 189 765 адам көшіп кеткен. Алайда сайттың келесі ақпаратында елімізге соңғы бес жылда (2015-2019) 40 286 этникалық қазақ көшіп келгені жазылған. Бес жыл ішінде көшіп келген барлық адам саны 66 933 адам. Айырмасы – 122 832.

СҚО-дан 10-мыңға жуық адам көшіп кеткені рас па?
Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтар саны
Дереккөз: Талдау ақпараттық-таламалық жүйесі

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz