Шындық | Астана Қазақстан бойынша тұрғын үй беруден көш бастап тұр

20 ақпанда Астана қаласы әкімі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру барысында «Астана Қазақстан бойынша тұрғын үй беруден көш бастап тұр», деген мәлімдемесі әкімдіктің ресми интернет-ресурсында жарияланды.

Мәлімдеме | «Барлықтарыңызды қуантқым келеді: біз Қазақстан бойынша жаңа үйлер салып, пайдалануға беру жөнінен көш бастап келеміз. 2,3 млн шаршы метр, 23 мың пәтер.»

Үкім | Шындық

Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Астанада жалпы аумағы 2 378 052 шаршы метрді құрайтын 23 460 пәтер пайдалануға берілген. Бұл 2017 жылға қарағанда 0,8 пайызға көп.

Шындық | Астана Қазақстан бойынша тұрғын үй беруден көш бастап тұр
*Деректер Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінен алынды

Салыстыра кетсек, 2018 жылы Алматыда жалпы ауданы 2 006 366 шаршы метрлік 18 506 пәтер, ал Маңғыстау облысында жалпы ауданы 1 173 217 шарты метрлік 10 376 пәтер пайдалануға берілген.

Биыл қалай?

2019 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіште де Астана пәтерді пайдалануға беру бойынша көш бастап тұр. 2019 жылдың бірінші айында астаналық тұрғындарға 285 502 шаршы метр тұрғын үй берілген. Бұл 2018 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 25 006 шаршы метрге, яғни 8 пайызға төмен.

Сонымен…

Статистика комитетінің деректеріне сай, 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында Қазақстан бойынша 12 521 149 шаршы метрді құрайтын 113,7 мың пәтер салынған. Бұл 2017 жылға қарағанда 12,8%-ға көп.

Байқағандарыңыздай, Астана әкімі осы жолғы баяндамасында статистиканы барынша сақ қолданған. Бақыт Сұлтановтың бұған дейін мәлімдемелеріне factcheck.kz манипуляция, жалған және шындық және манипуляция деген үкімдер қойған болатын. 

Factcheck.kz