Сенатор жанармай өндірісі, экспорты мен импорты туралы рас айтты ма?

12 қаңтарда өткен сенаттың жалпы отырысында депутат Бақытжан Байахметов мұнай өнімдерінің тапшылығы мәселесін көтеріп, бірнеше дерек келтірді.

Оның айтқан ақпараты қаншалықты рас? Factcheck.kz сенатор мәлімдемелерін тексерді.

Депутат мәлімдемесі (тайм-код: 45:32:00)

Мәлімдеме: Мамандардың пікірлеріне сәйкес, 2022 жылы 5,3 миллион тонна жанармай өндірілген, бұл 5,6 миллион тоннаға бағаланған ішкі нарық қажеттілігінен төмен.

Бақытжан Байахметов

Үкім: Манипуляция

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылы Қазақстанда 4 966 500 тонна жанармай (мотор отыны — бензин, соның ішінде авиациялық) өндірілген. Алайда депутат мәлімдемесінің контекстіне сәйкес, ол дизель отынын (ДТ) меңзеген, бірақ жалпылама “жанармай” деп айтқан.

2022 жылы 5 405 700 тонна ДТ өндірілген. Ал оған ішкі қажеттлілік 2020 жылы 4,9 млн тонна болса, 2021 жылы 5,3 млн болған, ал бұл көрсеткіш 2022 жылғы 5,472 мың тонна болады деп болжанған.

Мәлімдеме: Яғни, Қазақстан дизельдік отын бағасы ел ішіндегі бағадан айтарлықтай жоғары болып табылатын көршілес мемлекеттерден 300 мың тоннадай дизель отынын импорттауға мәжбүр.

Бақытжан Байахметов

Үкім: Шындық

Қазақстан дизель отынын көрші елдерден импорттайтыны және бұл отынның шекаралас мемлекеттерде Қазақстанға қарағанда қымбат екені рас. 2021 жылы Қазақстан 336,7 мың тонна, ал 2020 жылы тіпті 668,2 мың тонна дизель отынын импорттаған (басым бөлігі — Ресейден).

Десе де, импорт көлемі азая бастағанға ұқсайды. Қазақстан 2022 жылдың 11 айында (ең кейінгі дерек) 150 мың тонна дизель сатып алса, бұл көрсеткіш 2021 жылдың тура сол уақытында 302,3 мың тонна болған.

Кейінгі 5 жыл ішінде дизель импортының көрсеткіші бір көтеріліп, бір төмендеп отырған. Дегенмен 2017 жылмен салыстырғанда, 2021 жылғы деректер Қазақстан дизельді аз сатып ала бастағанын көрсетеді.

Қазақстан дизельді негізінен 3 көрші елден импорттайды. Олар — Беларусь, Қырғызстан, Ресей. Бізге бұл отын түрін сатушылардың ішінде Ресей көрсеткіші көлемі жағынан басымдыққа ие. GlobalPetrolPrices-тың (2023 жыл, 16 қаңтардағы) дерегіне сай, осы елдердің барлығында жанармай бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат:

  • Қазақстанда дизель отынының бір литрі — 0.517 АҚШ доллары;
  • Беларусьте дизель отынының бір литрі — 0.974 АҚШ доллары;
  • Қырғызстанда дизель отынының бір литрі — 0.884 АҚШ доллары;
  • Ресейде дизель отынының бір литрі —0.846 АҚШ доллары.

Мәлімдеме: Тек 2022 жылдың өзінде елден 200 мың тоннадан астам жанармай экспортталған, және осындай фактілерді анықтау қиындап барады.

Бақытжан Байахметов

Үкім: Дәлелденбеген

Сенатор 2022 жылдың толық статистикасын қайдан алғаны белгісіз, бірақ Бюроның ең кейінгі деректеріне сай (2022 жылдың қаңтар-қарашасы), Қазақстаннан барлығы 140,1 мың тонна жанармай экспортталған (көлік жанармайы — 24,2 мың тонна, дизельдік отын — 115,9 мың тонна).

Оқи отырыңыз

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz