Коронавирус | Қазақстанда қандай жағдайда жауапқа тартады?

Қазақстанда 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында Төтенше жағдай енгізілді. Ірі сауда орындары мен адам көп жиналатын жерлер уақытша жұмысын тоқтатып, іс-шаралар кейінге шегерілді. Алайда, әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда таралып жүрген жалған ақпарат толастар емес. Factcheck.kz сайты ҚР заңдарын негізге ала отырып таралып жатқан жалған ақпарат, төтенше жағдайға байланысты халық арасындағы деректердің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқан адамдарға айыппұл салынып, тіпті бас бостандығынан айыруы мүмкін

Үкім: Шындық

ҚР жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық Кодекстің 274-бабы “Көрінеу жалған ақпарат тарату” – қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату деп көрсетілген.

274-бап бойынша мынандай жаза түрлері қарастырылған:

  • 1 мың АЕК мөлшеріне дейінгі айыппұл не түзеу жұмыстары;
  • 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға;
  • 1 жылға бас бостандығынан шектеуге немесе айыруға әкеп соғады.

Интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде тараған шындыққа жанаспайтын ақпараттың авторлары және оны таратқан адамдар осы бап бойынша жауапқа тартылады.

Дүйсенбіден бастап ватсап, телеграм және басқа да әлеуметтік желілерде коронавирусқа байланысты ақпарат таратушыға 20 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл немесе 15 күнге дейін қамауға алынады

WhatsApp-та тараған хабарлама
Коронавирус | Қазақстанда қандай жағдайда жауапқа тартады?

Үкім: Манипуляция

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңында да және ҚР Қылмыстық Кодексінде де бұл туралы жазылмаған. Мәтіндегі контекстке қарайтын болсақ тек “таралған ақпаратты” ғана байқаймыз, ал ол ақпарат ресми болса онда бәрі дұрыс, жалған болса жоғарыдағы ҚР ҚК бойынша жауапқа тартылады.

Төтенше жағдайды бұзған адамға айыппұл салынады әрі жауапқа тартылады

Үкім: Шындық

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 476-бабына сәйкес, Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамауескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға болады.

Бұл туралы ҚР “Төтенше жағдай туралы” заңының 22-бабында жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың төтенше жағдай режимiнiң талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылығы айқын жазылған.

Сонымен қатар, Осы заңның 478-бабында Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер толығымен көрсетілген.

Карантинді сақтамаған әрі бұзған адамға айыппұл салынады әрі жауапқа тартылады

 Үкім: Шындық

Бұл да ҚР кімшілік құқық бұзушылық туралы заңының 476-бабы, 6-тармағына сәйкес Карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу – ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Коронавирусқа байланысты үй жағдайындағы карантинді бұзған адамдарға айыппұл салынады

Үкім: Шындық

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері – Жандарбек Бекшин 14 наурыздағы “Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша қосымша шаралар енгізу туралы” Қаулысында “Үй карантинін сақтау шарттары” туралы қолхатта ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462-бабы 3-тармағы негізге алынған.

Бұл тармақ бойынша “Мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары (лауазымды адамдар), мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің құзыретi шегiнде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды орындамау немесе тиiсiнше орындамау” яғни дәл осы жағдайда “Үй карантинін сақтамау” тиісінше:

  • жеке тұлғаларға – 5 АЕК;
  • лауазымды адамдарға – 15 АЕК;
  • шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

Ресми мәліметке сүйенетін болсақ елімізде коронавирус жұқтырған адамдардың саны 10-ға жетті. Алматыда – 8 адам, Нұр-Сұлтанда – 2 адам. Ал, әлемде 174 мыңнан астам адам жұқтырып үлгерген, қайтыс болғандардың саны – 6 700-ге жуықтады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz