Қазақстанда әрбір бесінші рейс кешігіп ұша ма?

11 мамырда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі әуе рейстер жайлы сөз қозғады. Депутаттың айтуынша, 2020 жылы әрбір 8-ші рейс және 2021 жылы әрбір 5-ші рейс кешігіп ұшқан. Осы мәселенің маңызды екенін атап өтіп, депутат сауалын жолдады. Әуе рейстерінің кешігуі – көптеген азаматтарды толғандыратыны жасырын емес, сондықтан Factcheck.kz сайты депутаттың келтірген деректерін тексеріп көруді жөн санады.

Тайм-код: 1:32:48

Айта кетсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, 51 мыңға жуық рейстің 6735-і кешіктірілген, яғни шамамен әрбір сегізінші рейс кешігіп ұшқан.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындық

Ашық дереккөздерден бұл туралы мәлімет таппаған соң ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ресми сауал жолдадық. Сауалдағы ақпарат бойынша, 2020 жылы Қазақстандық әуе компаниялар жалпы саны 50 701 рейс орындалған. Оның 6735-і кешігіп ұшқан. Яғни, расымен де әрбір 8-ші (жуық шамамен) рейс кешіккен.

Ал 2021 жылы ұшқан 69 мыңға жуық рейстің 13 мыңға жуығы кешіктіріліп, әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытында ұшпағандығы анықталып отыр.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметнше, 2021 жылы әуе компакниялар 67 828 рейс ұшқан. Оның 13 702-і кешіккен.

Оның ішінде Scat, Qazaq Air әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсінің уақыты кешігіп ұшады.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2021 жылы “Scat” әуе компаниясында ұшқан 11 785 рейстің 2805-і, яғни әрбір 4-ші (4,2) рейс кешіккен. Ал “Qazaq air” әуе компаниясы орындаған 9277 рейстің 2502-і немесе әрбір 4-ші (3,7) рейс кешігіп ұшқан.

Бұл ретте депутаттың неге дәл “Scat” және “Qazaq air” әуе компанияларын таңдап алғаны белгісіз. Өйткені Air Astana мен Fly Arystan компаниялары да әрбір 5-ші рейсі кешіктіріп үшырған.

Сол 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 13 мыңға жуық рейстердің 9045-і борттың кешігіп келу себебі болса, ал ең қызығы ауа-райының қолайсыздығына байланысты деген тармақ бойынша небәрі 912 рейс кешіккен.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

Депутаттың мәлімдемесі шындыққа жақын, дегенмен сәл асыра сілтеу байқалады немесе оның деректері басқа әдіснама бойынша жасалуы мүмкін. Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы кешіккен 13 702 рейстің 7870-і борттың кешігіп келу себебінен болған. Ал ауа-райының қолайсыздығына байланысты кешіккен рейстің саны – 880.

Егер рейс кешіктірілсе не істей аламыз?

“Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” 2010 жылғы 15 шілдедегі №339-IV Заңының 86-бабына сәйкес, жолаушылар мынадай құқыққа ие:

  • Жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
  • Рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
  • Рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
  • Рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде: күндізгі уақытта – әрбір алты сағат сайын және түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
  • Рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
  • Қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
  • Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.
  • Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:

      1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;

      2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады.

Осы жөнінде толығырақ біздің әріптестесіміздің материалынан біле аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz