Фактчек | Мамытбеков ЖІӨ құрылым мен ЖӨК туралы рас сөйледі ме?

27 қаңтарда өткен сенаттың жалпы отырысында сенатор Еділ Мамытбеков өндіс саласына тоқталып, оның көрсеткішінде өзгеріс жоқ деп сынады. “Өндіріске осындай көзқарастың нәтижесінде бүгінде мықты мемлекеттік кәсіпорындар санының өсу үрдісі жоқ. Тиісінше, индустрияландырудың бірқатар мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға қарамастан, қайта өңдеу саласын дамытуда өзгеріс жоқ”,-деген ол тағы бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz депутаттың сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 1:05:08)

Мәлімдеме: Мысалы, егер 1991 жылы ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіп өнімінің үлесі 17%-ті құраса, қазір 0,01 проценттен аз.

Еділ Мамытбеков

Үкім: Дәлелденбеген

Шынымен 2020 жылдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнімдегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 0,1%-ті құраған. Алайда 1991 жылғы көрсеткішті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де, Ұлттық статистика бюросы да ұсына алмады. 1991 жылғы өнеркәсіптің толық көрсеткіші 27,2% болған. Дерек тек 1994 жылдан бар, ол кезде ЖІӨ-нің ішіндегі жеңіл өнеркәсіп 1.4% болған. Депутат деректі қайдан алғаны бізге беймәлім. Жеңіл өнеркәсіптің осы екі уақыт аралығындағы физикалық көлемін есептесек, 1994 жылы жеңіл өнеркәсіп 166 млн АҚШ долларын, ал 2020 жылы 171 млн АҚШ долларын құраған. Яғни, доллардың инфляциясын ескерсек, осы уақыт аралығында өсім болмаған деуге негіз бар.

Қазақстанда ұлттық шоттар жүйесі 1993 жылғы ҰШЖ тұжырымдамасына негізделген. Ал тауар өндірісіне өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы, құрылыс сияқты салалар кіреді. Өнеркәсіптің ішінде өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші бар, ал оның ішінде 13-15 кодымен тоқыма, киім, былғары және соған қатысты өнімдер өндірісін қамтитын жеңіл өнеркәсіптің көрсеткіші бар. Осылайша, статистика бюросының сөзінше, жеңіл өнеркәсіпке қатысты деректер тек 1994 жылдан бастап бар.

Мәлімдеме: 1991 жылы Қазақстанның АӨК ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін қамтамасыз етті (29,5%), бүгінде АӨК ЖІӨ-нің шамамен 5%-ін өндіреді. Осындай жағдай өнеркәсіп өндірісінің өңдеуші саласының басқа да салаларында қалыптасып отыр.

Еділ Мамытбеков

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, шынымен жалпы ішкі өнім ішіндегі ауыл шаруашылық көлемі 1991 жылы 29.5% көлемінде болып, 2020 жылы 5.4%-ке, ал 2021 жылдың 9 айының көрсеткішіне сай, 5.11%-ке төмендеген. Толығырақ көрсеткішті төмендегі инфографикадан көре аласыз.

Бірақ мәлімдемеде манипуляция белгісі де бар. Сенатор сөзінен ауыл шаруашылығы апатты жағдайда сияқты көрінуі мүмкін. Алайда нақты көлемді есептейтін болсақ, онда 1991 жылы АӨК шамамен 7 млрд АҚШ долларын, ал 2020 жылы шамамен 9 млрд АҚШ долларын құраған. Яғни, доллардың инфляциясын ескерсек, ауыл шаруашылығы басқа салаларға қарағанда тұралап қалғаны туралы айтуға болады, бірақ анау айтқандай аптты жағдайда емес.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz