Әлеуметтік желіде және бірнеше сайтта “Қазақ тілі — ғарышта болған бірінші тіл” деген мәлімдемені жиі байқауға болады. Factcheck.kz осы ақпаратқа қатысты қандай деректер бар екенін тексеріп көрді.
«Қазақ тілі орыс тілімен бір деңгейде ғарышта алғаш болған! Капсула Байқоңырда емес, қазақ даласында қону ықтималдығы болған, сондықтан ғарышкерлер аймақтың тұрғындарымен оңай тіл табысуы үшін деректер пакетін ұсынған: «Жолдастар! Мына пакетті кім тапса жақсы жердегі жергілік кеңеске табыс етілсін»
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің Facebook желісіндегі парақшасынан
Ақпаратты тексеру үшін мәлімдеме қайдан тарағанын анықтадық. Google кілт сөздер іздеу функциясы арқылы «Казинформ» мемлекеттік агенттігінің 2013 жылғы 8 қазандағы БҰҰ мақұлдаған Дүниежүзілік ғарыш апталығына арналған жаңалығын таптық. Онда “Қазғарыштың” баспасөз қызметіне сілтеме жасалған:
Жолдастар! Мына пакетті кім тапса, жақын жердегі жергілікті советке табыс етілсін». Осылайша қазақ тілі (орыс тілімен тең деңгейде) ғарышта бірінші болды. Неліктен спутниктер осындай мәліметтері бар пакеттермен қамтамасыз етілді? Себебі капсула жоспарға сай белгіленген орынға қонбауы да мүмкін еді. Және оның қазақтың даласында болғанын ескерсек, капсулаға іздеушілерден бұрын ауыл тұрғындарының бірі бірінші болып жетуі, оның қазақ аңшысы немесе малшысы болуы ғажап емес. Шалғайда жатқан ауыл тұрғыны орысша түсінбеуі мүмкін болғандықтан, қазақ тіліндегі жазба да бірге салынған. Содан кейін ғана ағылшын, француз, қытай, жапон, т.б. тілдер ғарышта болған.
kazinform сайтынан
Kazinform осы жаңалықты 2013 жылғы 8 қазанда жариялағаннан кейін сайттардың көбі осы сайтқа сүйенген болуы керек. Kazinform пен Қазғарыш ресми дереккөз болғанымен, Factcheck.kz жазба түпнұсқасын іздеуді жалғастырды.
Екі жыл бұрын Pikabu сайтында жарияланған суретте “Спутник 5” кеңестік ғарыш аппаратымен ұшырылған ескі сарғайған қағазда қазақ және орыс тіліндегі мәтінді көруге болады. Көрме экспозициясындағы сурет мәтінінде “бұл Белка мен Стрелка ғарышқа ұшқан Спутник 5 хатынан” деп жазылған. Дегенмен автор суретті қай дереккөзден алғанын жазбаған.

Астронавтика мұражайы
Суреттің түпнұсқасын анықтау үшін Google сурет іздеу функциясын қолдандық. Zakon.kz заңгерлік форумында Master Fess деген автор 2010 жылдың 9 қаңтарында Америка саяхатынан естеліктерін жариялаған. Оның ішінде біз іздеген сурет те бар.

Master Fess жазуынша, ол суретті Вашингтондағы Ұлттық аэроғарыш мұражайында түсірген. Google-дің сурет іздеу функциясы бізді Вашингтонда орналасқан Ұлттық әуе және ғарыш мұражайының веб-сайтына әкелді.
Мұражайдың «Көрмелер» бөлімінде «Ғарыш жарысы» көрмесінің экспонаттарын таптық.

Осылайша, біз жазбаның расымен Америка мұражайында екенін анықтадық. Ол “Спутник 5” ғарыш кемесімен жіберілген. 1960 жылы 19 тамызда ұшырылған ғарыш кемесі арқылы Белка және Стрелка ғарышта болып қайтты. Яғни, Жерге қайта қонатын ғарыш кемесінде неліктен қазақ тілі мен орыс тілінде жазба болғаны логикалық түрде түсінікті.
“Ғарышта бірінші болған тіл” туралы мәлімдеме пікірталас тудыруы мүмкін. “Спутник 5” кемесінен бірнеше күн бұрын ұшырылған америкалық Echo-1 спутнигінде “NASA” деген жазуы болған. Алайда, бұл жазба фото үшін арнайы жасалған болуы мүмкін (баннердің жоғарғы оң жақ бұрышындағы “жіпке” назар аударыңыз, яғни болжам бойынша жазуы бар баннер “ілініп тұр”).

Қорытынды
Қолда бар дәлелдерге сәйкес, “Спутник 5 жазбасындағы қазақ тілі (орыс тілімен тең деңгейде) ғарышта алғаш болған тіл” деп айта аламыз.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.