6 қазанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат, аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Азамат Әбілдаев экспортталатын етке қатысты мәселе көтеріп, бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz оның сөзі қаншалықты шындыққа келетінін тексерді.
…Отандық ет үшін бірден-бір тиімді нарық ол — ҚХР. Қазақстанда 186 млн. га жайылым мен 28 мың фермерлік шаруашылық бар. Олар экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Азамат Әбілдаев
Үкім: Шындық және жартылай шындық
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы дерегіне сай, Қазақстанда жайылым жер көлемі шынымен 186 млн га және бұл еліміздің барлық ауыл шаруашылығы алқабының 84,1%-ін құрайды.
Статистика бюросының ақпараттық-талдамалық жүйесінде бар дерекке сай, Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысатын дара кәсіпкерлер және шаруа немесе фермер қожалықтары саны биыл 2-тоқсанда 22 800 болған. Ал үй шаруашылықтары саны — 27 375. Депутат соңғысын айтқысы келген шығар.
… Өйткені салқындатылған сиыр еті мұздатылған етке қарағанда 90%-ға қымбат.
Азамат Әбілдаев
Үкім: Манипуляция
Әр елге ет түрлі бағада сатылады. Мысалы, Ауыл шаруашылық министрлігінің хабарлауынша, былтыр Қытайға сатылған мұздатылған сиыр еті Әзірбайжанға сатылған жас не салқындатылған еттен 12%-ке арзан болса, Беларуське экспортталған салқындатылған ет Қытайға қарағанда 3%-ке арзан. Алайда әр жылға есептегенде орташа құн арасында 90%-тік айырмашылық байқалмайды, кейде тіпті мұздатылған сиыр еті салқындатылғанға қарағанда қымбат. Килограммы долларға шаққандағы көрсеткішті төменнен қараңыз:
[infogram id=”0b93076c-f643-40e2-bc29-ab13da67fd90″ prefix=”aXC” format=”interactive” title=”Сиыр экспортының құны”]
Қазақстанның 2020 жылғы экспортынан келесіні ұғуға болады: мүйізді ірі-қара малының салқындатылған не жас етінен 7 929,8 тонна шетелге сатылып, одан 26 071,3 мың доллар (килограммы орташа есеппен 3,28 доллардан), ал мұздатылғанынан 1 519,2 тонна сатылып, одан 6 124,6 мың доллар ақша түскен (килограммы орта есеппен 4,03 доллардан). Яғни, бұл жағдайда мұздатылған ет салқындатылғанға қарағанда 18%-ке қымбат деуге болады.