Депутат Смайлов ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі туралы

Мамырдың 12-де өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайлов ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесі туралы мәселе көтеріп, бірқатар дерек келтірді. Оның айтуынша, көрсеткіш елімізде төмен деңгейде. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Өткен жылдың 3-тоқсанындағы деректер бойынша Қазақстанның ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесі 30%-ті ғана құрады, бұл дамыған елдерге қарағанда 2 есе төмен. Осы ретте өнеркәсіпте еңбекақы төлеудің жалпы қосылған құндағы үлесі тек 17%, ауыл шаруашылығында – 23%.

Ерлан Смайлов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2020 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша, ЖІӨ құрылымында еңбекақы төлеу 30.9%-ті құраған. 2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі экономикалық қызмет түрлері бойынша бастапқы табыстардың салалық құрылымында, ауыл шаруашылығында 23.6%, өнеркәсіпте 23.4%, кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу бойынша 17.1% болған.

Айта кету керек, пандемия Қазақстандағы осы көрсеткіштің өзгеруіне айтарлықтай ықпал етпеген: 2019, 2018, 2017 жылдары 3-тоқсанда 30% айналасында болған.

Халықаралық көрсеткіште Швейцария (70,7%), Нидерланды (63,9%) мен Бельгия (62,5) алғашқы елдер қатарында тұр. Айта кетейік, БҰҰ жариялаған салыстырмалы деректер 2017 жылғы. Қазақстан көрсеткіші 41% деңгейінде тұр.

Депутат Смайлов ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі туралы
Елдер арасындағы ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі, %

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) түсіндіруінше, ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесі (еңбек үлесі) орта жалақының өсуі мен еңбек өнімділігі арасындағы өзара байланысты көрсетеді. Егер жалақының үлесі азаятын болса, бұл көбіне еңбек өнімділігі артып, ұлттық табыс құрылымындағы капиталға пайда үлесі еңбекпен салыстырғанда көбейіп келе жатқанын білдіреді.

ХЕҰ сарапшылары еңбекақы төлеу үлесі іс жүзінде кірістегі теңсіздік деңгейіне әсері аз болуы мүмкін екенін атап өткен.

Мысалы, ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі 40% айналасындағы Сингапур билігінің жазуынша, мұндай статистика жағдайды айқын көрсетпейді. Себебі жалақының үлесі жұмысшылардың әл-ауқатының нақты көрсеткіші емес.

Жалақы үлесіне көп фактор әсер етеді. Оның ішінде экономика құрылымы: капитал сыйымдылығы көп елдер еңбек сыйымдылығына қарағанда төмен жалақыға ие болуы мүмкін. Сонымен қатар, инвестиция мен сауда-саттыққа ашық экономика үшін мол пайда ұсынуға тиіс; бұл өз кезегінде жақсы жұмыс орындарымен қатар табысты фирмаларды тартуға көмектеседі.

Аустралия омбудсмені

Ерлан Смайлов сауалында Аустралияның тәжірибесін атап өтті, онда ол «әділ еңбек мәселелері жөніндегі омбудсмен жұмыс істейді» деп мәлімдеген. Шындығында, омбудсмен мен қатар арнайы комиссия да елдегі әділ еңбек мәселесімен айналысады. Бұл екі «тәуелсіз мемлекеттік ұйым».

Омбудсмен еңбек құқығы саласында қызметкерлердің сауатын арттырады, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалайды және оның бұзылмауына ден қояды. Комиссия оған қарағанда анағұрлым кең құзыретті. Бұл іс жүзінде жұмыс қатынасына және еңбек жанжалдарын реттеуге мамандандырылған сот. Комиссия сонымен қатар ең төменгі жалақы мен лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етуге жауап береді.

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz