Азық түлік бағасы қанша пайыз қымбаттады?

26 қаңтарда өткен мәжілістің пленарлы отырысында Қазақстан халық партиясының депутаты Айқын Қоңыров азық-түлік бағасының өсуіне қатысты деректер келтіріп, депутат сауалын жолдады. Депутаттың айтуынша, халық табысының 56%-ін азық-түлікке жұмсайды. Осы орайда біз мәлімдемені тексеріп көруді жөн санадық.

Сонда да азық түлік бағасының жалпы деңгейі көтерілді. 2021 жылғы өсім 9,9 пайызға жетті.

Айқын Қоңыров, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылдық статистиканы (2021 жылдың қаңтар-желтоқсаны) қарасақ азық-түлік тауарлары 10,8%-ке қымбаттаған.

Ал депутат айтқан 9,9% көрсеткіш 2020 жылғы желтоқсан мен 2021 жылғы желтоқсандағы азық-түлік тауарлары бағасының өскен көрсеткішімен сәйкес келеді.

Халықтың табысының 56 пайызы азық түлікке жұмсалды.

Айқын Қоңыров, мәжіліс депутаты

Үкім: Дәлелденбеген

Депутаттың бұл ақпараты stat.gov.kz сайтына әлі шықпаған. Тек III тоқсанның мәліметі бар. 2021 жылдың III тоқсанның нәтижесі бойынша, халық табысының 52,9%-ін азық-түлікке жұмсайды. Ал 2020 жылы ІІІ тоқсанда бұл көрсеткіш 54,3%-і құрады. Салыстырмалы түрде халықтың 1,4% ақшасы қалтасында қалған.

2021 жылғы қаңтар-қарашада нан, тоқаш өнімдері мен жарма 9 пайыздан астам, оның ішінде жарма 20 пайыздан астам, макарон өнімдері 11 пайыздан астам қымбаттады. Ет бағасы 8 пайыздан астам, оның ішінде қой еті 15 пайыздан астам, жылқы еті 10 пайызға қымбаттады.

Айқын Қоңыров, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сайкес, 2021 жыл қаңтар-қарашада нан өнімдері және жарма 9,1%-ке, тоқаш өнімдері 9,3%-ке, жарманың өзі 20,2%-ке, макарон өнімдері 11,7%-ке, ет бағасы 8,7%-ке, оның ішінде қой еті 15,1%-ке өссе, жылқы еті 10%-ке, сиыр еті 8,1%-ке қымбаттаған.

Өткен жылғы инфляция туралы көбірек білгіңіз келсе, төмендегі материалды да оқыңыз:

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz