Қазақстанда сайлау процесі жиілеп кетті: президенттік және парламенттік сайлау, референдум, ауыл әкімдерін сайлау. Осыған байланысты бақылаушылардың, БАҚ өкілдерінің және сайлаушылардың жеке деректерін пайдалану туралы сұрақтар жиі туындайды. Мысалы, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері жеке куәліктерді көшіруге немесе сканерлеуге құқылы ма?
Factcheck.kz бұл мәселені зерттеп, оған «Еркіндік қанаты» ҚҚ заңгері Роман Реймер көмектесті.
Көшіруге болмайды, тек жазып алу керек
Қазақстанда «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң 2013 жылы қабылданды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауапкершілікті күшейтуді бірнеше жылдан бері ұсынғанымен, дербес деректерді жинау, сақтау, өңдеу және тарату мәселесі әлі де өзегін жоғалтқан жоқ.
Бұл мәселені жақында болған АЭС салу бойынша республикалық референдум кезінде дербес деректерді өңдеу тәртібінің бұзылуына қатысты Алматы қаласында қаралып жатқан сот ісі анық көрсетті. Талапкердің пікірінше, учаскелік комиссияның бақылаушының жеке куәлігін ксерокс жасау арқылы көшіруі заңсыз болған.
Роман Реймердің айтуынша, «жеке куәліктерді көшірмесін жасау немесе сканерлеу заңсыз». Сайлау комиссиясына тіркеу журналына қажетті деректерді жазып алу жеткілікті.
Заңгердің түсіндіруінше, сайлау сайын бақылаушы ұйымдар сайлау учаскелерінде жеке куәліктердің заңсыз сканерленуі, көшірілуі немесе суретке түсірілуі сияқты заң бұзушылықтарды тіркейді. Бұл әрекеттер азаматтардың келісімінсіз жасалады, ал «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң бойынша мұндай әрекеттер рұқсат етілмеген.
2022 жылғы кезектен тыс президенттік сайлау кезінде «Еркіндік қанаты» бақылаушылары жеке куәліктерді учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері сканерлеп, мессенджерлердегі жабық чаттарға жібергенін анықтады. Бұл тек бақылаушылардың ғана емес, сайлаушылардың да жеке деректеріне қатысты болған. Осыған ұқсас жағдай 2023 жылғы кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауында да қайталанды.
Орталық сайлау комиссиясы сайлау кезінде өңдеуге рұқсат етілген дербес деректер тізімін бекіткен, оған ЖСН және жеке куәлікте көрсетілген басқа да мәліметтер кіреді. Алайда Роман Реймердің пікірінше, деректер тізімі нақты көрсетілмегендіктен, сайлау учаскелерінде деректердің еркін жиналуына және оларды өз бетінше пайдалануға жол ашылады.
2024 жылғы ақпанда Қазақстанда жеке куәлік көшірмелерін қағаз түрінде жинауға және өңдеуге тыйым салынды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Абдикаликов еске салған еді.
Таңдамалы тәсіл
Дербес деректер туралы заңның бұзылуы және оған биліктің таңдамалы көзқарасы туралы бұған дейін құқық қорғаушылар мен БАҚ бірнеше рет жазған. Мемлекеттік органдар өз құрылымдары тарапынан жасалған заң бұзушылықтарға көз жұма қарайды, ал заңды билікке ыңғайсыз адамдарға қарсы қысым көрсету құралы ретінде пайдаланады (1, 2, 3).
Мысалы, 2019 жылы орталық сайлау комиссиясының сайлаушылар базасынан 11 миллион қазақстандықтың дербес мәліметтері (ЖСН, телефон нөмір, мекенжайы) интернетте жария болып кеткен. Бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғанымен, кейіннен «қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан» іс жабылған.
Реймердің айтуынша дербес деректер туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершілік бар — әкімшілік жаза: 20-дан 500 АЕК-ке дейін айыппұл, қылмыстық жаза: ірі көлемде айыппұл, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру, азаматтық-құқықтық жауапкершілік: материалдық және моральдық шығынды өтеу
Билік азаматтарды жеке деректердің заңсыз жиналуын, өңделуін және таралуын байқаса, тиісті органдарға шағынуды сұрайды.
Ескертпе
Сайлаушыларға: дауыс беру бюллетенін алу үшін өзіңізді сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінен тексеріп, Қазақстан Республикасының азаматының паспорты немесе жеке куәлігін көрсетуіңіз және қол қоюыңыз жеткілікті.
Бақылаушыларға: саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің және коммерциялық емес ұйымдардың бақылаушыларының өкілеттігі жазбаша түрде расталуы тиіс. Құжатта бақылаушының аты-жөні көрсетіліп, оны жіберген ұйымның мөрімен бекітілуі керек. Бұл құжат бақылаушының жеке басын куәландыратын құжатпен бірге ұсынылғанда ғана жарамды. Тіркеу үшін құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына немесе оны алмастыратын тұлғаға беріледі, ал бақылаушы туралы мәліметтер есеп журналына жазылады (ҚР «Сайлау туралы» заңы, 20-1-бап, 1-тармақ).
БАҚ өкілдеріне: журналистер сайлау учаскесінде болу құқығына ие, бірақ қызметтік куәлігі мен редакция тапсырмасы болуы шарт (ҚР «Сайлау туралы» заңы, 20-бап, 8-тармақ). Қайта еске саламыз: жеке куәлік және басқа құжаттар тек журналға мәлімет жазу үшін көрсетіледі, оларды көшіруге, сканерлеуге немесе суретке түсіруге болмайды.