Цензура құралдары: Ресей билігі ұнамсыз контентті анықтау үшін нейрожеліні қалай пайдаланады?

8 ақпанда Ресейдің және батыстың бірқатар (123456) тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралында Ресейде интернет-кеңістікке цензура жасаумен айналысатын мекеме – Роскомнадзордың құжаттары тарап кеткені туралы материал жарияланды. Материалдар басқа көзқарастағылармен күрес құралдарын және Рунеттегі ақпаратқа, оның ішінде Украинадағы соғыс пен Владимир Путин туралы ақпаратқа қалай цензура жасалатынын ашады.

Медиадағы ақпарат бойынша, 2022 жылдың қарашасында «Киберпартизаны» деп аталатын белорусь хакерлер тобы Роскомнадзордың «Бас радиожиілік орталығы» федералды мемлекеттік унитарлық кәсіпорнын («БРЖО» ФМУК) бұзып, 2 терабайт құжатқа, оның ішінде қызметкерлердің өзара сөйлескен жазбаларына да қол жеткізген.

Ақпараттың жайылып кетуі БРЖО-ның негізгі мәселелерін анықтап берді, олар: Владимир Путин туралы жағымсыз пікір мен оның денсаулығы туралы ақпарат, сондай-ақ Ресейдің Украинадағы әрекетін сынау. Осы мәселелер бойынша соғыстың алғашқы 9,5 айында Роскомнадзор әлеуметтік желідегі 150 мың жариялымды өшіріп тастаған, деп жазды ВВС «Агенттікке» сілтеме жасап.

Жағымсыз тақырыптар

Президентке тіл тигізгендерге мониториң жүргізу үшін БРЖО қызметкерлері кілт сөздер бойынша іздеуді пайдаланады (олардың тізімін мына жерден көріп шығуға болады), ал арнайы нұсқаулықта қызметкерлер қандай деректі тіл тигізу қатарына жатқызатыны туралы ережелер жазылған.

Президенттің денсаулығы нашарлап кеткені туралы жариялымдарды іздеу де осындай принцип бойынша жүргізіледі, әсіресе ресейлік әлеуметтік желі мен Telegram-нан іздейді. Есептерде Ресей президенті «қатерлі ісікке» немесе «шизофренияға» шалдыққаны туралы іріктеп алынған пікірлер назарымызға ілікті – әдетте мұндай ақпараттың тарауына БАҚ-тағы мәлімдемелер мен жариялымдар себеп болады.

«Важные истории» хабарлауынша, БРЖО қызметкерлері Путин қатысқан кез келген іс-шараны қорытындылап, есеп дайындайды. Онда президент сөз сөйлеген кезде болған барлық жағымсыз әрекет жинақталады. Журналистер бұл талдаудың қандай болатынын түсіндіру үшін мысал ретінде Путиннің Калининградқа барған сапарының қорытындысы бойынша жасалған мына жазбаны келтіреді:

“Басқа авторлар В.В. Путин айтқан «еңбексүйгіштік – бөлек дарын, бұл жай ғана, кешіріңіздер, резеңке жамбас емес» сөзін келеке қылды. Мұндай мәлімдемелер, мемлекет басшысының басқа да сөздері «испан ұятынан басқа ешқандай эмоция сыйламайтыны” атап өтілген.

БРЖО Владимир Путин туралы жазбаның барлығын БАҚ пен әлеуметтік желілерге мониториң жасайтын Brand Analytics жүйесі арқылы жасалады және қолмен тексеріліп отырады. БРЖО жасанды интеллект көмегімен сайт, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жарияланған тыйым салынған фото, видео, сондай-ақ суреттегі символ мен мәтінді талдай алатын «Окулус» жүйесін жасауға 57,7 млн рубль бөлгені хабарланды. Мәселен, Путинге тіл тигізетін суреттерді іздеу «графикалық нысандардың жіктеуіші» негізінде жүзеге асады. Ол суреттердің екі түрін ұсынады: «президентке тіл тигізетін суреттер» (мәселен, «күйе көбелек» немесе «шаян» бейнесінде) және «президентті жағымсыз кейіпкерлермен салыстыру» (мәселен, Адольф Гитлермен немесе вампирмен).

13 ақпанда ресейлік «Ведомости» басылымы Роскомнадзор «Окулус» жүйесін іске қосқанын және ол өзіне қойылған міндеттерді толығымен орындап жатқанын хабарлады. БРЖО өкілінің айтуы бойынша, мекеме нейрожелінің арқасында «тәртіпсіздік белгілерін анықтаудың тиімділігін арттыруды» көздейді.

Операторлар, орта есеппен, күніне 106 сурет пен 101 видеоны өңдеген. Ал «Окулус» тәулігіне 200 000-нан аса суретті талдай алады (бір суретке шамамен үш секунд кетеді). Жүйе визуал контентке мониториң жасауды автоматтандырады және айтарлықтай жеделдетеді.

Негізгі радиожиілікті орталықтың құпия өкілі («БРЖО» ФМУК)

Онлайн цензура құралдары

Дегенмен БРЖО қарамағында контентке цензура жасауға арналған бірнеше жүйе бар. Бірнеше зерттеуде жартылай құпия “КОВ” (Кабинет оперативного взаимодействия – Жедел әрекет ету кабинеті) мессенджері туралы айтылады. Оны БРЖО 2019 жылдың соңында Роскомнадзор қызметкерлерінің Бас прокуратурамен, ФСБ, ФСО, Росгвардия және ІІМ-мен хат алмасуын қорғау үшін жасаған. «Холод» жазуынша, мессенджерде «Қарсылық көңіл-күйі», «Тұрақсыздық жедел», «Терроризм», «Қарсылық шаралары жедел», «Ұлтаралық қарым-қатынас», «Шет елдің араласуы» және «Экстремизм» деген тақырыпта топтар болған. БРЖО қызметкерлері жеке хат алмасуда нақты біреуге бағытталған репрессияны жүзеге асырып, прокуратураға әскер туралы «фейк» жазған ресейліктердің постының сілтемесін жіберіп отырған.

Сондай-ақ, журналистердің дерегі бойынша, 2020 жылдан бастап мекеме  ұнамсыз контентті іздеуді автоматтандыратын «Таза интернет» жүйесін жасап жатыр. Роскомнадзордың хат алмасуынан жүйенің негізгі компоненті «Яндекс» іздеу жүйесі болады деп болжаймыз. «Медиазона»  хабарлауынша, «Таза интернет» деректерді жинау үшін «Яндекс» іздеуінің API-ын пайдаланады. Роскомнадзор өтініші бойынша «Яндекс», бірінші талаптан болмаса да, мекеменің тәулік ішінде жасайтын сұрауын 10 000-нан 300 000-ға дейін көбейтті. Сонымен қатар, БРЖО нейрожелілерді оқыту үшін «Яндекс» платформасы – «Толоку»-ді пайдаланған тәрізді. «Яндекс» пен Роскомнадзордың серіктестік дәрежесі қаншалықты екені белгісіз әрі компанияның өзі мекемеге қандай да бір ерекше қызмет көрсеткенін жоққа шығарғанымен, «Яндекс» пен Роскомнадзордың серіктес екеніне дәлелдер бұрын шығып қойған. «Важные истории» жазда «Ресей тұрғын үйлерді бомбалап жатыр», «Украинадағы Ресей сарбаздары», «Ресей әскерінің Бучадағы айуандығы» және басқа да Украинадағы соғысқа қатысты сұрауларға «Яндекс» пен Google қалай әртүрлі жауап беретінін жазған. Тарап кеткен құжаттар мұның себебін түсіндірді. Роскомнадзор есептерінің бірінде «Яндекс» пен «Мейл» «ұнамсыз» контентті өшіру міндеттерін толығымен орындайды, ал Google-дың «іздеу нәтижелерін сұрыптау деңгейі — 70-80%» делінген. Ресейлік іздеу жүйесіндегі соғысқа қарсы материалдарға сілтемелерді бақылау миссиясы (құжаттардан көрініп тұрғандай) «Яндекс У арнайы тапсырмасы» деп аталады.

Цензура құралдары: Ресей билігі ұнамсыз контентті анықтау үшін нейрожеліні қалай пайдаланады?
«Медиазона» жазбасындағы сурет: Роскомнадзор жасаған «Чистый интернет» жүйесі. БРЖО мен Роскомнадзор презентацияларынан скриншот

«Таза интернеттің» тағы бір қызметі — бот-ферма (ВВС жазуынша, БРЖО құжаттарында дәл осы термин қолданылады). Ол 2023 жылы мамырда жасалып бітеді деп жоспарланып отыр. Жүйенің қызметі — фейк парақшалардың биографиясын жасап, олардың әлеуметтік желідегі белсенділігін қамтамасыз ету. Бұл боттар, бірінші кезекте, жабық топтардан ақпарат жинау үшін қажет, деп жазды «Медиазона». Сонымен қатар басылым ГРЖО бот-фермасына қойылған техникалық міндеттен үзіндіні жариялады:

 Жүйе eSIM API операторларының көмегімен мобильді номерлерді автоматты түрде алып, күрделі капчаларды айналып өтіп, биографияларды түрлендіріп, әлеуметтік желідегі шынайы белсенділікті көрсетіп, жабық топтардың тексерісінен автоматты түрде өтуі керек.

Мұның бәрі VK, Одноклассники, «Мой мир», Ответы.mail.ru, ЖЖ, YoutubeTikTokLikeeKwaiFacebookInstagramTwitterTelegram, Яндекс Дзен, RutubeYAPPI-де жұмыс істеуге тиіс.

БРЖО негізгі деп санайтын Рунетке цензура жасайтын тағы бір жүйе «Вепрь» деп аталады. Оны жасау Мәскеу физика-техника институтына (МФТИ), бірақ бағдарламаның өзімен жұмыс Петербургтегі «НеоБИТ» компаниясына жүктелген.

«Вепрь» іздеуі керек “қауіп” БРЖО презентациясында көрсетілген және ол әртүрлі: терроризм мен экстремизм, билікті сынау мен жүйесіз оппозиция, «ЛГБТ-ны насихаттау», чайлдфри, наркомания, әскерден жалтару, «өлім тобы», «тіл тигізетін арт-акциялар», Джин Шарп тәсілдері және тіпті “өзіңіздің мұрынбоғыңыз бен тырнақтарыңызды жинау».

Цензура құралдары: Ресей билігі ұнамсыз контентті анықтау үшін нейрожеліні қалай пайдаланады?
«Медиазона» жазбасынан сурет: «Вепрь». Роскомнадзор мен БРЖО презентациясынан скриншот

Бұл тақырыптың бәрі — «ақпараттық шиеленіс нүктелері», оларға «Вепрь» мониториң жасап қана қоймай, болжап отыруы да керек. Мәселен, Владимир Путиннің әрекетіне интернетте кімнің не дегені туралы ақпарат жинап қана қоймай, болашақта сынға ұшырауы мүмкін іс-қимылдарды болжауы қажет.

«Холод» жазуынша, тарап кеткен құжаттарда нейрожелінің мынадай міндеттері тізілген:

  • Наразы көңіл-күйі мен Ресей қоғамын тұрақсыздандыру фактілерін анықтау (оның ішінде аймақтық тұтастығы, ұлтаралық араздық, көші-қон саясаты тақырыптары);
  • Мемлекеттің бірінші тұлғаларына қатысты негатив пікірді, мемлекеттің бірінші тұлғалары, мемлекет және жалпы ел туралы фейктерді анықтау;
  • Қоғам пікіріне манипуляция жасау, қоғам пікірін поляризациялауды анықтау (оның ішінде вакцинация, жүйеден тыс оппозиция, санкция қысымы тақырыптары);
  • дәстүрлі дүниетаным, рухани-адамгершілік, мәдени және отбасы құндылықтарын алмастыратын және беделін түсіретін ақпаратты анықтау (оның ішінде сексуал «еркіндікті» насихаттау, есірткіні заңдастыру, батыстық құндылықтар туралы).

Келіспейтіндермен күрес

Интернет-жариялымдардың мазмұнына мониториң жасаумен қатар БРЖО басқаша көзқарастағыларды аңдумен айналысады және шетел агенттерінің тізімін жасауға қатысады.

ВВС-дің «Важные истории»-ге сілтеме жасап хабарлауынша, мекеме шетел агенті деп тану үшін 804 адам туралы анықтама жасады, бірақ қазір олардың 139-ы ғана реестрге енген. Оған қоса тарап кеткен ішкі хат алмасу дерегіне сенсек, ол адамдарды неліктен шетел агенті деп танығаны тіпті БРЖО қызметкерлерінің өзіне белгісіз.

Сондай-ақ Роскомнадзор «қоғамдық пікір көшбасшыларын» да аңдып отырады. Журналистердің қолына түскен тізімде мұндай 472 адам бар, олардың қызмет ететін саласы сипатталған және әлеуметтік желідегі барлық парақшасына сілтеме бар. Осы тізім бойынша, БРЖО бірқатар актер, қайырымдылықпен айналысушылар, блогерлер, сдендап-комиктер, журналистер, режиссерлер мен түрлі жанрдағы музыканттарды — «ДДТ» тобынан бастап репер Фейске дейін бақылап отырады. Қазір адамдар мен ұйымдарды Роскомнадзор қызметкерлері аңдиды, бірақ мекеме жақын арада оны да автоматтандыруды жоспарлап отыр.

Әлбетте, цензура БАҚ-ты айналып өткен жоқ: «Роскомсвобода» құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, 2022 жылдың соңында Роскомнадзор талабымен Ресейде 9 300 ақпараттық интернет-ресурс бұғатталды.

«Досье» басылымының дерегінше, 2022 жылдың 28 ақпанында Роскомнадзор қызметкерлеріне сайттардағы «Қорғаныс министрлігінің ресми көзқарасына қайшы келетін контенттерді» талдау міндеті қойылды:

Сайттарды қараймыз, «РФ ӘК бейбіт тұрғындарды, қала инфрақұрылымын бомбалап (өлтіріп, жаралап, атып …) жатыр» және т.с.с. айтылған контентті іздейміз. Осындай факт тапсақ – «Е» бағанында сайтты «енгіземіз» сөзімен белгілейміз.

Қызметкерлердің хат алмасуы. ВВС журналистерінің айтуынша, соттан тыс бұғаттауға жол беретін «фейктер» туралы заң осы хабарлама жіберілгеннен кейін төрт күннен соң қабылданды

Талапты орындаудан бас тартқан БАҚ-ты бұғаттауға дайындықты да алдын ала бастаған. БРЖО Deutsche Welle мен ВВС-дің орыс қызметін бұғаттау үшін сылтауды 25 ақпан күні іздей бастады, ал 4 наурыз түнде бұғаттау күшіне енді.

Жоққа шығару

ВВС хабарлауынша, БРЖО жүйені біреулер бұзғанын ресми мойындады, бірақ «жағдайдың бақылауда болғанын» және «хакерлердің «жабық ақпарат пен аса маңызды инфрақұрылым» туралы деректерді ала алмағанын жазды. «Система» басылымының зерттеуінше, БРЖО ішінде ақпараттың тарап кеткенін «моральдық трагедия» деп қабылданды – ішкі чаттарда қызметкерлер бұл оқиғаны апат болды деп талқылады.

Роскомнадзор, БРЖО мен басқа да осыған қатысы бар компаниялар ақпараттың тарап кеткені туралы пікір білдіріп, журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты.

Factcheck.kz