Атырауда шет елдің қызын алып, шетелдікке тұрмысқа шығатын қыз-жігіттер көбейіп жатыр ма?

Кейінгі жылдары елімізде шетелдіктерге тұрмысқа шығып, келін әкелетіндердің саны артқаны айтылады. Әсіресе, соңғы жылдары Атырау қаласында жергілікті қыз-келіншектердің шетел азаматтарына тұрмысқа шығу жағдайлары жиілеп бара жатқаны туралы түрлі пікірлер бар. Ақпарат қаншалықты рас? Шынымен шетелдік күйеубала мен келіннің саны артты ма? Осы сұрақтың жауабын Factcheck Dive түлегі Айнұр Сапаров іздеп көрді.

Мәлімдеме: «Атырауда шетелдікке тұрмысқа шығатын қыздар көп»

Үкім: Манипуляция

Кейінгі бес жылдың деректері бойынша, 269 атыраулық қыз шетел азаматымен отасқан. 2020 жылы 43 жұп некесін тіркесе, 2021-2022 жылдары 53 жұптан, 2023 жылы 63, 2024 жылы – 47 жұп отбасын құрған. Ресми дерекке қарап, шетелдіктерге тұрмысқа шыққандар көбейді не азайды деп айта алмаймыз.

Мәлімдеме: «Атырауда шетелдік келіндер көбейген»

Үкім: Манипуляция

Азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімі ұсынған дерекке сәйкес, кейінгі бес жыл үстінде 381 атыраулық жігіт шет елдің қызын алған. 2020 жылы 64, 2021 жылы – 84, 2022 жылы – 69, 2023 жылы – 70, 2024 жылы – 74 неке тіркелген. Бұл деректерге де қарап, нақты өсім мен кемуді анықтай алмаймыз.

Толығырақ

Біз азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімінен кейінгі бес жылдың статистикасымен бірге, шетелдік жұбайлардың азаматтығын да сұрадық.

Шет елден қыз алу жағынан да, шетел азаматтарына тұрмысқа шығу жағынан да Өзбекстан мен Ресей азаматтарымен некелесу басым. Жалпы қай жағдайда да ресми статистика нақты картинаны бермеуі мүмкін. Себебі, некесін заңдастырмаған отбасылық жұптар саны бізге белгісіз. Осыған байланысты аралас некелер саны ресми статистикадан әлдеқайда өзгеше болуы ықтимал.

Атыраулықтар қай елдерден келін алды?

2020 жылы ер азаматтар жеті түрлі елдің азаматшасымен бас қосып, облыста 64 неке тіркелген. Соның ішінде Өзбекстан азаматшаларын қалыңдыққа алған 28 жағдай тіркелсе, 27 Ресей азаматшасымен бас қосқан. Сонымен қатар, Қырғызстан азаматшаларымен 4 неке, Армения, Моңғолия және Оңтүстік Корея азаматшаларымен бір-бір некеден тіркелген. Бұған қоса, 2 жағдайда шетелдік қалыңдықтардың азаматтығы болмаған.

2021 жылы Атырау облысында аралас некелердің саны артты. Қазақстандық ер адамдар мен шетелдік әйелдер арасында 84 неке тіркелді. Алдыңғы жылдағыдай, Өзбекстан көш басында — 57 неке. Екінші орында — Ресей, 21 неке. Сонымен қатар Қырғызстан азаматшаларымен 2 неке, Грузия, Түрікменстан, Франция азаматшаларымен және азаматтығы жоқ бір әйелмен бір-бір некеден тіркелген.

2022 жылы Атырау облысында 69 ер азамат шет елдің қызын алған. Соның ішінде 43 өзбекстандық азаматшамен, 17 ресейлікпен және 5 украиналықпен некелескен. Сонымен қатар азаматтығы жоқ әйелдермен 3 неке және Моңғолия азаматшасымен бір неке тіркелді.

2023 жылғы деректерге сәйкес, Атырауда шет елдің 70 әйелін қалыңдыққа алған аралас неке тіркелді. Қалыңдықтардың ішінде Өзбекстан азаматшалары тағы көш бастап тұр — 52 неке. Екінші орында — Ресей азаматшалары (10 неке), одан кейін Украина мен Қырғызстан (әрқайсысы екі-екіден). Сонымен қатар Армения, Индонезия және Италия азаматшаларымен және бір азаматтығы жоқ әйелмен бір-бір некеден тіркелген.

2024 жылы қазақстандық ер азаматтардың қатысуымен 74 отау құрылған. Алдыңғы жылдағыдай, олардың көпшілігі Өзбекстан азаматшаларымен бас қосқан – 50 неке. Одан кейін Ресей (16 неке), Қырғызстан (үш неке), Украина және азаматтығы жоқ әйелдермен — екі-екіден. АҚШ азаматшасымен бір неке тіркелген.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының мәліметі бойынша, 20 атыраулық жігіт аралас некесін заңдастырған. Олардың ішінде 16 неке — Өзбекстан азаматшаларымен, екеуі — Қырғызстан азаматшаларымен және Ресей азаматшасымен және азаматтығы жоқ әйелмен бір-бір некеден тіркелген.

Атыраулықтар қай елдерге қыз берді?

Атырауда тұратын қазақстандық әйелдердің шетелдік азаматтармен аралас некелері бойынша 2020 жылы 43 неке тіркелген. 13 түрлі мемлекеттің азаматтарымен неке заңдастырылған. Соның ішінде 13 Ресей азаматымен некелескен. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан (сегіз неке), Түркия мен Ұлыбритания (әрқайсысы төрт-төрттен), Әзірбайжан мен Италия (әрқайсысы үш неке). Сондай-ақ, Нигерия азаматтарымен екі неке, ал Германия, Грузия, Ливан, Жаңа Зеландия, Тәжікстан және Украина азаматтарымен бір-бір некеден тіркелген.

Ал 2021 жылы 53 аралас неке құрылған. Өзбекстан азаматтарымен – 13 неке. Одан кейін Ресей азаматтарымен – 12 неке тіркелген. Түркия, Ұлыбритания, Грузия және азаматтығы жоқ ер адамдармен үш-үш некеден тіркелді. Сонымен қатар Әзірбайжан мен Украина азаматтарымен екі-екі неке тіркелген.

Германия, Египет, Иордания, Ирландия, Италия, Моңғолия, Нигерия, Нидерланд, Пәкістан, Польша, АҚШ және Түрікменстан азаматтарымен бір-бір некеден заңдастырылған. Бұл жолы халықаралық некелердің географиясы айтарлықтай кеңейген.

2022 жылы да 53 атыраулық әйел аралас некеге отырған. Көш басында — Өзбекстан азаматтары (16 неке), одан кейін Ресей (12 неке), Түркия (сегіз неке), Ұлыбритания (үш неке). Әзірбайжан, Италия және Тәжікстан азаматтарымен екі-екі некеден тіркелген. Бұдан бөлек, Армения, Канада, Нигерия, АҚШ, Украина, Франция және Оңтүстік Африка Республикасы азаматтарымен және бір азаматтығы жоқ ер адаммен бір-бір неке тіркелген.

2023 жылы 61 атыраулық қыз шетел азаматымен некелескен. Соның ішінде 21 әйел Өзбекстан азаматымен некеге тұрған. Одан кейін Ресей (13 неке), Түркия (алты неке), Әзірбайжан (төрт неке). Сонымен қатар Ұлыбритания, Германия, Италия және АҚШ азаматтарымен екі-екі неке тіркелді. Грузия, Израиль, Ирландия, Ливан, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина, Франция және Оңтүстік Корея азаматтарымен бір-бір некеден отырған.

2024 жылы атыраулық әйелдер арасында 47 аралас неке тіркелген. Мұнда да Өзбекстан азаматтарымен бас қосқан жұп көш басында тұр — 22 неке. Одан кейін Түркия (жеті неке), Ресей (алты неке), Әзірбайжан (төрт неке). Сонымен қатар Австралия, Бельгия, Венгрия, Польша, Румыния, Франция және Оңтүстік Корея азаматтарымен бір-бір некеден тіркелген. Одан бөлек, азаматтығы жоқ ер адаммен де бір неке тіркелген.

2025 жылдың алғашқы алты айында 12 аралас неке тіркелген. Төрт әйел Ресей азаматымен, үшеуі Әзірбайжан азаматтарымен отбасын құрған. Түркия мен Өзбекстан азаматтарымен — екі-екіден. Бір әйел азаматтығы жоқ ер адаммен некеге тұрған.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz