Парламент 2023 жылы миллиардтаған қаржыны қайда жұмсамақшы?

19 наурызда Қазақстанда барлық дәрежедегі мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтті. Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы мәжіліс сайлауына жеті партияны, ал мәслихат сайлауына бес партияны өткізді.

Парламент жұмысы мен олар қабылдайтын заңға қатысты қазақстандықтарда үнемі көп сұрақ туындайды. Ал депутаттарға жыл сайын мемлекет қазынасынан миллиардтаған ақша бөлінеді. Осыған байланысты біз 2023 жылы парламент мүшелеріне қанша ақша бөлінетінін және олар қалай жұмсалатынын анықтап көруге тырыстық.

Парламентті кім қамтамасыз етеді?

Парламентті қамтамасыз етумен ҚР Президенті Іс басқармасының «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» (МТҚБ) мемлекеттік мекемесі айналысады. 2016 жылға дейін ол Қазақстан Республикасы парламентінің Шаруашылық басқармасы деп аталып келді. Мемлекеттік мекеменің қызметіне депутаттарды материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық, қаржылық және көлікпен қамтамасыз ету кіреді. Сондай-ақ олар конференцияларды ұйымдастырып, әкімшілік ғимараттарға қызмет көрсетеді.

МТҚБ құрылымына қарасты төрт мекеме бар: Әкімшілік ғимараттар дирекциясы, Инженерлік орталық, Автошаруашылық пен Парламентаризм институты. Негізгі қызметінен бөлек, аталған барлық ұйым мемлекеттік сатып алу мен жеткізушілерді ұйымдастырумен айналысады.  

Республикалық бюджет туралы заңға сай, 2023 жылы Қазақстан парламентінің екі палатасын қамтамасыз етуге 22,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл сомаға депутаттардың жалақысы, ұшып-қону, іссапар мен тәуліктік шығыны кіреді. Салыстыру үшін айтар болсақ, былтыр депутаттарды қамтамасыз етуге 17,2 млрд теңге, ал 2021 жылы 13,7 млрд тенге бөлінген. Ал парламент сайлауын өткізуге мемлекеттік бюджеттен бөлек 33,4 млрд теңге бөлінген.

2023 жылғы тендерлер

Әзірге мекеме 13 келісімшартқа қол қойған. Олардың көбі аса қызық болмағанымен, мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған қызықтылары да назарымызға ілікті.

Мәселен, 16 қаңтарда мекеме парламентарийлердің қызметтік үйі мен әкімшілік ғимараттарына қызмет көрсету және қамтамасыз етуге 3,5 млрд теңгеге бір жылдық келісімшарт жасасқан. Техникалық сипаттамасы бойынша қызметтер қатарына сенат пен мәжіліс ғимараттарында, сондай-ақ министрліктер үйінің «В» блогы мен депутаттардың 344 қызметтік үйін жөндеу, жинау, күзетпен қамтамасыз ету, жаттығу залының жұмысы мен буфеті бар асханалар кіреді. Әзірге көрсетілген соманың 154,4 млн теңгесі ғана төленген.

Тізімдегі 188 үй Астанадағы министрліктер үйіне қарама-қарсы тұрған Нұрсая тұрғын үйінде орналасқан. Олардың жалпы аумағы 39 890 шаршы метр. Басқа қызметтік үйлер ел астанасының орталығындағы ҚР парламенті мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының жатақханасынан бөлінген. Жалпы аумағы — 12 319 шаршы метр.

20 ақпанда МТҚБ дәл осындай қызметтерді сатып алу үшін 348 млн теңгеге тағы бір келісімшарт жасады. Бірақ бұл жолы мекеме депутаттар үшін желдету мен ауаны ылғалдандыру жүйесін алған. Атап айтсақ, конденсаторды ауамен салқындататын екі өнеркәсіптік салқындатқыш, рекуператоры мен ауа ылғалдандырғышы бар сору қондырғысы мен тағы бір сору қондырғысы (бірақ ылғалдандырғышсыз).

Сонымен қатар депутаттар биыл парламент палатасы отырыстарының жыл соңына дейінгі визуал және аудиожазбасы қызметін сатып алуға 275,6 млн теңге жаратып үлгерді. Бұл қаражаттың 214,2 млн теңгесі фото және бейне түсірілімге жұмсалса, 61,4 млн теңгесі аудиожазбаға арналған.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, түсірілім үшін парламентке 39,2 млн теңгеге фото жабдығын сатып алу керек, оған штатив, камера, камераның жарығы, микрофон, петличка мен кейс кіреді. Парламент отырысының аудиожазбасын ұйымдастыруға 2,8 млн теңге тұратын орталық басқару блогынан бастап 312 500 теңге тұратын графикалық эквалайзер сынды 51 элементтен тұратын құрылғы керек.

2023 жылы мемлекеттік сатып алуға қанша жұмсалады?

Биыл әлі келісімшартқа отырып үлгермеген, бірақ жоспарда бар тендерлерді де бөлек атап кеткен жөн. Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметі бойынша, 2023 жылы МТҚБ тендер арқылы сатып алуға 9,3 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Жалпы мекеме сатып алуы қажет 2 729 тауар, қызмет пен жұмыс көрсетілген.

Мәселен, мекеме тұрғын үйлерді жалға алуға 63,4 млн бөлуді жоспарлайды. Келісімшартқа әлі қол қойылмағандықтан, нақты қандай нысана және парламентке ол не үшін қажет екені белгісіз. Дегенмен қосымша сипаттамада қаражат тұрғын үйді жалға алу бойынша шығынды өтеуге жұмсалады деп көрсетілген. Әңгіме депутаттардың жалға алған пәтерін төлеу туралы болып отыр деп болжадық.

Тұруға арналған үйден бөлек, депутаттарға 35,9 млн теңгеге жұмыс істейтін орынды да жалға алу жоспарланған. «Жұмысшыларды орналастыратын ғимаратты жалға алу» бөлігінен осындай тұжырым жасаймыз. Ал парламентарийлерге жұмыс орнына қолайлы жету үшін жүргізушісі бар көлік жалға алынады. Алдағы жылы мұндай екі тендер өткізу жоспарланған: біріншісі — 7,7 млн теңге, екіншісі — 7,8 млн теңге. Сонымен қатар мемлекет депутаттарға арналған конференция мен форум ақыларын төлейді. Мысалы, дөңгелек үстел өткізуге биыл 19,1 млн жұмсалады.

Сондай-ақ парламент мүшелерінің жұмысқа қажетті техникалары үнемі жаңартылып тұрады. Мысалы, депутаттардың кабинетіне жалпы соммасы 8,9 млн теңгеге 12 IP-телефон сатып алынады. Алдағы тендердің сипаттамасына қарасақ, мұндай бір девайстың өзі 744 047 теңге тұрады, сондай-ақ ол балама телефон боп көрінгенімен, міндеті көп болуы керек, оның ішінде интернетке кіретін болуы қажет. Техникалық сипаттамада телефон құрылғыларының нақты қандай қызметі болуы керек екені анық жазылмағандықтан, оны алу неліктен қажет екенін бағалау қиын. Бірақ, салыстыру үшін айта кетсек, интернет-дүкендерден IP-телефонды 3 млн теңгеге де, 265 мыңға да, тіпті 20 мың теңгеге де табуға болады.

Сонымен қатар, парламентке 5,6 млн теңгеге лазерлі қара-ақ 25 принтер мен 10,8 млн теңгеге диагоналі кемінде 85 дюйм болатын сұйықкристалды жеті теледидар алынады. Мұндай бір құрылғы үшін бюджеттен 1,5 млн теңге бөлінеді. Депутаттар 3,1 млн теңгеге теледидарға жеті мобильді тіреуіш сатып алғысы келеді, мұндай бір тауар құны – 453 мың теңге. Дегенмен парламент талаптарына сай келетін теледидарды қазақстандық дүкендерден қазір 1,09 млн теңгеге (123) сатып алуға болады, ал бюджетке 3 млн теңгеден аса үнем болар еді. Мобильді тіреуішке қатысты да осыны айта аламыз. Қалаған жағдайда теледидарға қажет тіреуішті 90 мың теңгеге де, 290 мың теңгеге де таба аласыз.

Тағы бір қызық лотты МТҚБ әкімшілік ғимараттарының дирекциясы жариялауды жоспарлап отыр. Мекемеге 871 000 теңгеге 13 шай сервизі жиынтығы қажет болған. Сипаттама бойынша, алты адамға арналған бір жиынтықта шай демдейтін 900 мл-лік шайнек, 300 мл-лік сүт құйғыш, 340 мл-лік қант салғыш пен көлемі 240 мл болатын алты табақша мен алты шыны-аяқ болу керек. Бір жиынтық бағасы — 67 000 теңге. Ал интернет-дүкендерден алты адамға арналған фарфор сервиздерді екі есе арзанға табуға болады.

Мемлекеттік сатып алуға қарасақ, қазақстандық депутаттар бюджет ақшасын спортпен айналысуға да жұмсайтын тәрізді. Таңдау тіптен қызық. Мәселен, биыл МТҚБ 1,4 млн теңгеге парламент мүшелеріне кіші футболға арналған залды жалға алуды жоспарлап отыр. Қазанда депутаттарға 737 мың теңгеге шаңғы жалға алынса, наурызда боулиң ойнау үшін қазынадан 400 мың теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Парламент өз тендерін қалай өзі жеңіп алады?

Мемлекеттік сатып алу порталының дерегі бойынша, жоғарыдағы тендерлердің көп бөлігі бір көзден тікелей келісімшарт жасасу арқылы жүзеге асқан. Бұл келісімшарт жасалып қойған сатып алуға ғана емес, жоспардағы сатып алуларға да қатысты.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңда тендерді мұндай тәсілмен жүргізуге негіз болатын шамамен 50 пункт көрсетілген. Олардың қатарында саяси тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайда тауар мен қызметтерді сатып алу, терроризм я экстремизммен күресуге қажет тауар мен қызметтерді немесе сайлау мен референдумдарды ұйымдастыру үшін сатып алу.

Іс жүзінде бұл әдісте бәсекелестік жоқ, өйткені ол сатып алу туралы хабарландыруды жариялауды, сәйкесінше конкурс өткізуді көздемейді. Тәсілде тапсырыс беруші мен жеткізуші арасында тікелей келісімшарт орнатылады.

Егер материалды-техникалық қамтамасыз ету басқармасының 2023 жылға келісімшарт орнатылып қойған тендерлер тізімін қарасақ, бір ғана сатып алу тікелей келісімшарт жасасусыз жүргізілгені анықталады. Жоспарланған сатып алуларда да бір көзден сатып алу жиі көрсетіледі (123). Ең қызығы – МТҚБ тауарлар мен қызметтерді көбіне өздеріне қарасты мекемеден сатып алады.

Мысалы, электронды дауыс беру, конференц-жүйе мен кабельдік және спутниктік теледидар қызметіне қатысты 967,6 млн теңгелік келісімшартты МТҚБ өзінің, яғни материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының инженерлік орталығымен орнатқан. Парламент отырыстарына визуал және аудиожазба жасайтын құрылғыларды сатып алу мен компьютер құрылғысын орнатуға арналған 769,4 млн теңгелік келісімшартты жасасуға да жеткізуші ретінде материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының инженерлік орталығы таңдалған.

Ал депутаттарға арналған қызметтік пәтерлерге 3,5 млрд теңгеге қызмет көрсетумен материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясы айналысады.

Жоғарыдағы мекемелер МТҚБ-ға қарасты екенін мемлекеттік сатып алу сайтындағы деректермен қатар, материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының ресми ресурсы да растайды.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz