Маңғыстау облысының полициясы 2023 жылы SMS хаттарға 31 млн теңге жұмсаған

Жақында мемлекеттік сатып алу порталында Маңғыстау облысы полиция департаментінің хабарламалар тарату қызметін сатып алу туралы қызықты дерегіне көзіміз түсті. Әңгіменің ауаны қазақстандықтардың ұялы телефонына келетін мемлекеттік органдардың SMS-хабарламалары туралы болмақ. Factcheck.kz редакциясы осы үшін бюджеттен қанша ақша кеткенін баяндайды.

SMS-тердің құны

Маңғыстау облысының ПД (полиция департаменті) SMS хабарламаларды тарату қызметін сатып алу туралы хабарландыруды 2022 жылы 28 желтоқсанда жариялаған. Бастапқыда департамент хабарлама таратуға 18 миллион теңге жұмсауды жоспарлаған, кейіннен шартқа үш келісім қосылып, жалпы сомасы 36 482 142 теңгеге жеткен.

Тендерді «Beeline» брендімен жұмыс істейтін қазақстандық телекоммуникация компаниясы «Кар-Тел» ЖШС жеңіп алды. Келісімшарт жасалғаннан кейін қызмет құны 31 250 000 теңгеге азайып, жеткізуші жыл соңына дейін хабарлама тарату міндетін алған. 

Шарттың техникалық қосымшасына сәйкес, SMS хабарлама қазақ және орыс тілінде жазылуға тиіс, ал көлемі «153 latın немесе 63 кирилл таңбасы» деп бекітілген. Сонымен қатар, мәтінде сауалнама, веб-сайт, лендиң парақшаға және т.б. сыртқы ресурстарға сілтемелер болуы керек. Бір хабарламаның бағасы – 12 теңге. Beeline қызмет көрсетуші ретінде таңдалғанына қарамастан, хабарламалар Kcell/Activ және Tele2/Altel ұялы байланыс операторларының пайдаланушыларына да жіберіледі.

Жалпы сомаға сүйенсек, полиция департаменті Маңғыстау облысының тұрғындарына 2 604 166 SMS хабарлама жібере алады, бірақ техникалық қосымшада жіберілген хабарламалардың саны да, мазмұны да көрсетілмеген. Келісімшарттың сипаттамасында қазір жеткізуші 25 537 892 теңгеге қызмет көрсеткені жазылған. Алайда, электронды төлем актілерінде нақты шығын 28 602 439 теңге. 

Электронды актілерде ақпан-қараша аралығында департамент небәрі 11 хат жібергені жазылған. Оның ең қымбаты 20 қарашада – мемлекет бюджетіне 12 114 748 теңге шығын әкелген. Қанша хабарлама жіберілгені және оларға мұнша қомақты қаражат неге жұмсалатыны белгісіз. 

Басқа мекмелермен салыстыру

Маңғыстау облысының полиция департаменті 2023 жылы SMS хабарлама таратуға қыруар қаражат жұмсаған жалғыз құрылым емес. Бірақ белгісіз себептермен жіберілген хабарламалардың саны көрсетілмеген жалғыз хабарландыру.

Басқа мемлекеттік мекемелермен салыстырсақ, Павлодар облысының полиция департаменті биыл SMS хабарламаға 11 758 925 теңге жұмсауды жоспарлаған. Техникалық шарттарда бұл ақшаға 914 997 хабарлама жіберіледі деп көрсетілген. Осыған ұқсас тендерді ойнатқан тағы бір басқарма – «Алматы паркиң». Олар 1 200 000 хабарлама тарату үшін 17 010 000 теңге бөлді. Биыл ең қымбат конкурсты «ҚазАвтоЖол» компаниясы жариялады. Олар 5 337 890 SMS хабарламаға 52 747 114 теңге жұмсамақ болған. Маңғыстау облысы Полиция департаменті жариялаған Мемлекеттік сатып алуы «жабық» әрі ең қымбат тендерлердің бірі.

Сондай-ақ Қазақстанда SMS хабарламаларды таратуға төмен баға ұсынатын компанияларды кездестіруге болады. Мысалы, мемлекеттік сатып алуға қатысатын «ҚазИнфоТех» ЖШС бір SMS үшін ең төменгі бағасы 8,3 теңге, ал ең көбі – 15,3 теңге. Mobizon деп аталатын тағы бір компанияда бір SMS үшін ең төменгі баға 10,4 теңгеден басталып, 15,4 теңгеге дейін барады, ал SendPulse компаниясы бір SMS үшін 18 теңге алады. Хабарлама жіберілетін операторға байланысты бағалары әртүрлі болады.

Хабарлама таратудың қиындықтары

Мемлекеттік органдардың миллиондаған бюджет қаражатын SMS хабарламаларға жұмсағанынан бөлек, қазақстандықтар хабарламаның сапасына да көп шағым түсірген.

Осылайша, 2023 жылы сәуірде Антикор Астана тұрғындарына «ЕСІҢДЕ САҚТА – адал бизнес мемлекет қорғауында. Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау – АУЫР ҚЫЛМЫС» деген хабарлама таратқан. Оның үстіне кейбір тұрғынға осыған ұқсас хабарлама бірнеше рет келген.

Сонда қазақстандықтар әлеуметтік желіде мұны күлкіге айналдырып, «SMS-ке ақша құртқанша, оданда сол ақшаны жемқорлықпен күресуге жұмсаған дұрыс емес пе?» деген пікір білдірді. Арнайы қызмет «бұл сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік туралы «ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына» бағытталған пилоттық жоба» – деп жауап берді.

Бұл ретте ішкі істер министрлігі де көзге түсті. 2022 жылы ведомство интернет-алаяқтықпен күресуге бағытталған SMS хабарламалар сериясын іске қосты. «Сізге мүлікті кепілге қою әрекеті туралы хабарлама келді ме? Дереу банкке хабарласыңыз» деген SMS-тер тұрғындардың зәре-құтын қашырды. Көбісі тіпті бұл ескертулерді фейк деп ойлаған. Министрлік ақпараттық хабарламаларды олардың қызметкерлері жібергенін растады. Олар хабарламалар арқылы азаматтарды «сақ болуға» шақыруға тырысқанын түсіндірді.

Сондай-ақ, азаматтар төтенше жағдай министрлігінің ұйқы бермейтін хабарламаларына бірнеше рет шағымданған. Мәселе мынада, хабарламалардың көбісі телефондарға түнде келеді. Әдетте, ол хаттардың мазмұны найзағай, тұман немесе «орманда өрт шығу қаупі жоғары» туралы. Ведомствоның баспасөз қызметі шағымдарды төтенше жағдай министрлігіне емес, SMS-хаттарды тарататын ұялы байланыс операторына жолдау керек деп жауап берді. 

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz