Астана күнін тойлауға қанша жұмсалады?

Қазақстанда Астана күніне байланысты мерекелік концерттер өткізуге жыл сайын қаржы бөлінеді. 2025 жылы Астана әкімдігі мен өзге де өңірлер бірнеше тендер жариялады. Factcheck.kz редакциясы жұмсалатын шығындар мен негізгі тендерлерге шолу жасап көрді.

Астанада өтетін іс-шаралар

Биыл Астана қаласы әкімдігі қала күніне байланысты әртүрлі іс-шара өткізуге тендерлер жариялады. Оның ішінде мерекелік концерт, спорттық жарыстар мен өзге де бағдарламалар бар. Алдымен Астана қаласында өтетін мерекелік концертке тоқталайық.

«Qala fest» мерекелік концерті

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі маусымның 12-і күні Астана күніне орай жастарға арналған «Qala Fest» іс-шаралар кешенің ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметтеріне қатысты тендер жариялады. Сатып алу сомасы — 10 714 285 теңге. Жеңімпаз ретінде «НКН» жеке кәсіпкерлігі танылды. Тендердің техникалық сипаттамасында Open Air форматында мерекелік концерт ұйымдасытыру, республикалық телеарналарда тәжірибесі бар орыс және қазақ тілін меңгерген екі жүргізушіні шақыру, іс-шараны фото және бейнематериалдарғы түсіру, бір әзіл нөмірін қоса алғанда 6 концерттік нөмір дайындау, кемінде эстрадағы 2 жұлдыздың өнер көрсетуін қамтамасыз ету қызметтері жасалмақ. Одан бөлек интерактивті бағдарламалар да ұйымдастыралады екен. Мәселен, техникалық сипаттамада Bookcrossing яғни, еркін кітап алмасу шарасын ұйымдасытыру, плассмассалық экологиялық сыйлықтар алмасу шарасын жасау да көрсетілген. Бөлінген қаржы ішіне полиграфиялық қызметтер, баннер, афиша, кітап белгілерін дайындау қызметтері де жазылған. Іс-шара туралы кемінде 2 баспа мен 5 ақпараттық порталда жобаның ротациялық ақпаратын 10 күн бұрын жариялауы керек. Астаналық басылымдар концерттің 4 шілде күні өтетінін жазып жатыр.

«Асыл мұра» жобасы

Астана қаласы әкімдігінің мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы шілденің басында өтетін «Асыл мұра» жобасы туралы бірнеше тендер жариялағанын байқадық. Жобаға графикалық дизайн жасауға 3 300 000 теңге, концерттік залды жалға алуға 3 392 857 теңге, қонақтарға теміржол және авиа жолаушылар билеттерін сатып алуға 1 760 000 теңге, LED экранды, жарық және дыбыстық жабдықтарды жалға алу қызметтеріне 31 456 000 теңге, қонақ үйлерді жалға алуға 1 565 000 теңге, полиграфиялық өнімдерді әзірлеуге 570 000 теңге бөлінген. Сонда жалпы жобаға 42 043 857 теңге қарастырылған екен. БАҚ беттерінде бұл жоба 4 шілде күні бейбітшілік және келісім сарайында күйші-жыршылардың қатысуымен өтетіні көрсетілген.

«Мерекелік саябақ» отбасылық демалыс фестивалі

Сондай-ақ, БАҚ беттерінде Астана күніне орай 5-6 шілде күндері «Мерекелік саябақ» отбасылық демалыс фестивалі өтетіні жазылып жатыр. Бұл жобаға да қатысты бірнеше тендер жарияланған. Шараға арт-объект дайындау жұмыстарына 4 000 000 теңге, балалар ойыншығы және өзге де реквизиттерге 990 000 теңге, жүргізушімен шағын автобусты жалға алуға 500 000 теңге, жұмсақ жиһаздарға 750 000 теңге, гамак сатып алуға 90 000 теңге, костюмдерді жалға алуға 1 805 000 теңге, ойын-сауық пен демалыстарға арналған спорт жабдығы мен мүлікті жалдауға бойынша 3 020 000 теңге, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға 500 000 теңге, декорация заттарды жалға алуға 1 200 000, жарықтық жабдықтармен, LED экрандармен қамтамасыз ету және оларға қызмет көрсетуге 17 000 000 теңге, авторлармен, композиторлармен, мүсіншілермен және басқа, әртіс-орындаушылардан басқа, әртістермен көрсетілетін қызмет көрсетулерге 2 000 000 теңге, эстетикалық безендіруге 5 900 000 теңге, декорацияны дайындау бойынша жұмыстарына 1 000 000 теңге, дыбыстық жабдықтарды жалдау бойынша қызметтерге 4 000 000 теңге бөлінген. Сонда жалпы сомасы 42 755 000 теңге қарастырылған.

«Қалалық перфоманстар фестивалі»

Мемлекеттік сатып алулар сайтында Астана күніне байланысты өтетін Қалалық перфоманстар фестиваліне де жеке-жеке тендердер жарияланған. Жобаға жүргізушімен жүк көлігін жалға беру қызметтері 500 000 теңге, полиграфиялық өнімдерді басып шығаруға 180 000 теңге, шағын автобусты жалға алуға 672 000 теңге, қонақүй және балама орындардың қызметтеріне 1 700 000, венециандық маскаларды сатып алуға 400 000 теңге бөлінген. Сонда жалпы сомасы 3 452 000 теңге қарастырылған. Бұл жоба 5-6 шілде күндері өтеді.

«Open air» концерті

Шілденің 6-ы өтетін Open air концертіне байланысты да бірнеше тендер жарияланған. Концертке дыбыстық жабдықтарды жалға алу және сценалық, театралдық, кинотеатрдық және ұқсас жабдықтарды алуға 43 000 000 теңге, жүргізушімен шағын автобусты жалға алуға 2 200 000 теңге, әртістер мен ұйымдастырушыларға авиа билеттерді брондау және сатып алуға 4 200 000 теңге, уақытша тұру үшін қонақүй және балама орындардың қызметтеріне 6 200 000 теңге бөлінген. Сонда жалпы сомасы 55 600 000 теңге жұмсалады.

Спорттық жарыстар

Астана әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы қала күніне орай бірнеше спорттық жарыстар ұйымдастыру туралы тендер жариялады. Бәйге түрлерінен елорда кубогын ұйымдастыруға 29 318 000 теңге жұмсалмақ. Бәйге Қазанат иппдромында өтетіні көрсетілген. 2011-2012 жылғы кіші жасөспірімдер арасындағы бокстан «Qazaq Arlany» by M. Toitov бокс клубының ашық республикалық турнирі спорттық іс-шарасын ұйымдастыруға 26 785 714 теңге бөлінген. Қала күніне арналған еркін, грек-рим күресі, қазақ күресі және дзюдо фестиваліне 5 357 142 теңге қарастырылаған. Сондай-ақ, асық атудан «Астана сақасы» турнирін өткізуге 4 464 285 теңге бөлінді. «Толағай» алыптар сайысына 13 392 857 теңге жұмсалады. Астана күніне орай ұйымдастыралатын спорттық шараларға 79 317 728 теңге қарастырылған.

Өзге өңірлерде Астана күні қалай аталып өтіледі?

Мемлекеттік сатып алулар порталында Астана күніне байланысты өзге де өңірлерде өтетін шаралар туралы тендерлерді байқауға болады. Мәселен, Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданы әкімдігі Астана күніне орай «Сарыарқа-2025» ХХХҮІІ аудандық жазғы ауыл спартакиадасының қатысушыларына кешкі ас банкет өткізу қызметіне 1 200 000 теңге қарастырған. Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігі Астана күніне орай жасөспірімдер арасында бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізуге 560 000 теңге бөлген. Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы әкімдігі Астана күнін атап өтуге 630 000 теңге жұмсамақ. Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданы әкімдігі «Еңселі елорда — асқақтаған Астана» атты Елорда күніне арналған мерекелік шараға сыйлықтар сатып алуға 201 000 теңге бөлді. Атырау облысына қарасты Еспай мәдениет үйі мекемесі 50 000 теңге, Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданы әкімдігі 93 749 теңге қарастырған. Қарағандыдағы Осакаров ауданы 820 000 теңге бөлді.

Өткен жылдары қанша жұмсалатын еді?

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін, сол кездегі қала әкімінің орынбасары Ерлан Қанәлімов Астана күнін тойлауға бөлінген бюджет 3 есе қысқартылатынын айтқан. БАҚ беттерінде Назарбаев тұсында өз туған күнімен қатар тойлатанатын Астана күніне млрд-тар жұмсалатыны жазылған еді. Мәселен 2018 жылы 19 млрд жұмсалғаны туралы ақпарат бар. Биыл Астана әкімдігі қала туған күнін тойлауға нақты қанша теңге қарастырылғаны жөнінде мәлімдеме жасамады. Мемлекеттік сатып алулар порталынан тек біз тапқан тендерлердің жалпы сомасын қоссақ 237 млн теңгеге жуық қаржы бөлінгенін байқаймыз.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz