Алматы әкімдігі желі мен Досаевты сынағандардың мониториңіне 260 млн теңге жұмсамақ

Былтыр журналистер Алматы әкімдігі бюджет қаражатының 5 млн теңгесін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Ерболат Досаевтың аты аталған жағдайларға мониториң жасауға жұмсайтынын анықтаған еді.Сол кезде қала әкімі туралы жағымсыз материалдар жазған басылымдар мен блогерлердің ұзын-сонар тізімі жасалды.

Биыл қала билігі «ақпараттық кеңістіктің ақпараттық-аналитикалық мониториңге» тағы да тендер жариялады. Алайда бұл жолы қаражат еселеп өскен. Алматы әкімдігі БАҚ пен әлеуметтік желілер мониториңіне қанша жұмсағанын және мұның не үшін керек екенін қарастырып көрейік.

Интернеттегі аңдауға миллиондаған теңге

Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, 5 ақпанда Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы 259 623 214 теңгеге ақпараттық мониториң қызметіне хабарландыру жариялады. Қазір тендер ойнатылған жоқ, себебі өтініш қабылданып жатыр. Құжаттарды қабылдау уақыты 21 ақпанда аяқталды.

Тендердің сипаттамасында бөлінген қаражат үшін қызмет көрсетуші әкімдікке БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жергілікті билік жұмысы туралы материалдардың есебін ұсынуы керек екені айтылған. Әрі материалдар саны да белгіленген.

Мысалы, қаланың дамуына ықпал етуі мүмкін маңызды оқиғалар туралы 230 материал, биліктің жылдам әрекетін қажет ететін қала проблемалары туралы 230 материал, әлеуметтік тақырыптардағы және Алматының қоғамдық қауіпсіздігі туралы 230 материал жинау керек. Сондай-ақ қызмет көрсетуші әкімдік жұмысын сынаған жарияланымдар дайджестін — аптасына 48 материал, сонымен қатар билік жұмысының анализі туралы аптасына 48 материал ұсынуы қажет.

Тапсырыс берушінің өтінішімен «Алматы қаласының қоғамдық қауіпсіздігі мен қоғамдық-саяси тұрақтылығына қауіп төндіретін, қазіргі заңнамаға қайшы келетін» материалдарды анықтау үшін әлеуметтік медиа мен интернет-ресурстарға жедел мониториң жасалуы керек. Техникалық сипаттамада бұл категорияға қандай материалдар жататыны айтылмаған, алайда қауіпсіздікке төнетін қауіпті анықтау мақсатында толық жазбалар ғана емес, әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер де мониториңге ілінеді.

Сондай-ақ бөлінген қаражатқа қызмет көрсетуші компания қала тұрғындарының әкімдік жұмысына көңілі толатынын-толмайтынын анықтау үшін әлеуметтік сауалнамалар жүргізуі керек. Оған әртүрлі жастағы, ұлттағы және әлеуметтік статустағы 15 000 респондент қатысады. Жасалған жұмыс қорытындысы бойынша тұрғындар пікірімен, бірнеше сұхбатпен және респонденттердің келісімімен жеке деректері жазылған баяндама жасалуы қажет.

Егер компания бұл қызметтердің бәрін атқаруға үлгермесе, демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге мүмкіндік қарастырылған. Әр міндет орындалған соң әкімдікке кемінде үш данадан 40 беттен тұратын баяндама ұсынылады.

Бұрын қалай еді?

Осыған ұқсас тендер мемлекеттік сатып алу порталында 2023 жылы жарияланған. Алайда содан бері интернет-мониториң бағасы күрт артқан. Сол кезде қоғамдық даму басқармасы осыған ұқсас хабарландыруды 13 наурызда жариялаған және оған 190 625 000 теңге бөлінген. Яғни, бір жылда баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерге мониториң жасау бағасы 68 998 214 теңгеге артқан.

Сатып алу іске аспай қалған мемлекеттік сатып алулар бойынша бір дереккөзден жүзеге асырылған. Яғни, әкімдік конкурсты екі рет жүргізген және онда өтініш берушілер аз болып қалған, содан кейін орындаушы тікелей таңдалған. Онда Алматы қаласы қоғамдық басқару басқармасына қарасты «Мониториң және анализ орталығы» жеңіске жеткен.

Яғни, әкімдік өзіне қарасты ведомствоны қаржыландырып отыр. Биыл да тендерді ашық конкурспен өткізу мүмкін болмай, тура сол орындаушы тікелей келісімшарт жасау арқылы таңдалуы мүмкін деп болжауға болады.

Былтыр «Мониториң және анализ орталығы» қазақстандықтар арасында дау тудырған және сынға ұшыраған тендермен есте қалған еді. Сәуірде ведомтсво Alem Research ЖШС компаниясымен 4,6 млн теңгеге Алматы әкімі Ерболат Досаев туралы интернетте жазылған жағымды, жағымсыз және бейтарап пікірлерге мониториң жасау туралы келісімшарт жасаған. Досаев туралы жазбаларды ерболат* аскарбекович*, Алматы қаласының әкімі, ерболат* досаев* және т.б. сөздер арқылы іздеген.

Ras aitamyn Telegram-арнасының жазуынша, Алматы әкімінің есімі кездесетін 12 мың жазбаның 10 725-і жағымсыз, тек 343-і жағымды болып шыққан. Ең көп жағымсыз пікір AIRAN, «ГИПЕРБОРЕЙ», JURTTYŃ BALASY, YouTube-арналарында, ULYSMEDIA және «“Азаттық” радиосында» жазылыпты. Сондай-ақ тізімге «Жанболат Мамай онлайн», «БӘСЕ», «За нами уже выехали», «ОБОЖАЮ», «УАҚЫТ КӨРСЕТЕДІ» YouTube-арналары, Адам құқықтары жөніндегі бюро мен белсенділер енген.

Мұндай есеп не үшін керек?

Бір жағынан, билік конструктивті сынды қабылдауға дайын болса, әкімдіктің жұмысын бағалау мониториңі сияқты кейбір бастамалар түсінікті. Екінші жағынан, Ras aitamyn айтқандай, әкімдік мұндай материалдарды «ұнамсыз» азаматтар мен басылымдардың деректерін басқа мемлекеттік органдарға беру үшін жүргізуі де мүмкін.

Мысалы, 2023 жылғы қыркүйекте Алматы полициясы бұл тізімдегі белсенді Мадина Көкетаеваны әкімнің қала тұрғындарымен кездесуіне бара жатқан жерінен ештеңе түсіндірместен ұстап алған. Содан кейін оны Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына апарып, екі сағат ұстаған. Әкімнің халықпен кездесуі де осынша уақытқа созылған. Тағы бір белсенді, осы тізімге енген Абзал Достияр да сол айда ұсталып, кейінірек 15 тәулікке қамалған.

Досаевты жиі сынайтын журналистерге де оңайға соқпады. 2023 жылдың аяғында журналист Асхат Ниязовтың Telegram-арнасы жаппай кибершабуылға ұшырады. Алдымен белгісіз біреулер оның арнасына бот-шабуыл жасаған, кейінірек оның Telegram-тағы нөмірін бұзып, соның салдарынан ол каналына кіре алмай қалған.

«Азаттық радиосы» да нысанаға ілінді. 25 қаңтарда парламент депутаттары «Масс-медиа» туралы заң жобасына өзгеріс енгізуді ұсынды. Соған сәйкес ҚР СІМ «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда» шетелдік БАҚ пен оның журналистеріне аккредитация беруден бас тартуға құқылы. СІМ сайттың 36 журналисіне аккредитация бермеген. Бұл басылым қызметі Қазақстан жерінде шектелуі мүмкін екенін білдіреді.

2024 жылғы тендерде «қала қауіпсіздігіне төнетін қауіп» туралы айтылғаны да алаңдаушылық тудырады. Сипаттамада нақты анықтама жазылмағандықтан, бұған әртүрлі жазбалар, жарияланымдар мен пікірлер кіріп кетуі мүмкін. Әрі оларды кейін не істейтіні де белгісіз.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz