Алматы әкімдігі Наурыз мейрамына қанша қаржы бөлді?

Upd 19.03.2025: Материал сайтында жарияланған мәтіндерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ережесіне сай өзгертілді. Наурыз мейрамына байланысты тендердің техникалық сипаттамасының қазақшасы мен орысшасында әртүрлі жазылғандықтан, сипаттамадағы орыс тілді сипаттамадағы фактілерді де қосуды жөн көрдік.

Алматы қаласының мәдениет басқармасы Наурыз мейрамы қарсаңында қаланы безендіруге және мерекелік концерттер өткізуге жыл сайын қаржы бөледі. 2025 жылы басқарма Наурыз тойлауға бірнеше тендер жариялады. Factcheck.kz редакциясы жұмсалатын шығындар мен негізгі тендерлерге шолу жасап көрді.

«Наурыз мейрамы 2025»

Абай алаңы

Алматы қаласы мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны «Наурыз мейрамы 2025» іс-шарасын ұйымдастыруға 77 541 360 теңге бөлген. Жеңімпаз «IDea Trade» ЖШС-і атанды. Техникалық сипаттамаға сәйкес шара Абай атындағы алаңда болады. Әкімдік шараны 2 күн өткізуді жоспарлар отыр — 21-22 күні өтпек. Жеткізуші кемінде 12 қанатты киіз үйдің біреуі және 6 қанатты киіз үйдің алтауы, 8 қанатты киіз үйдің екеуі орнатады. Киіз үйлерде Алматы қаласының музыкалық аспаптар мұражайының 20-дан астам экспонатымен таныстыру ұйымдастырылуы керек. Орналасқан аймақ кемінде 500 шаршы метр болып, 3 белсенді аймақ орнатылады. Белсенді аймақтар бірнеше бөлімдерді қамтиды:

  1. Кемінде 5 дана болатын Ұлттық асханалар павильондары;
  2. Кемінде 5 дана болатын интерактивті алаңдар;
  3. Кемінде 5 дана болатын балалар шығармашылығына арналған аймақтар;
  4. Кемінде 12 экспозиция болатын шеберлер жәрмеңкесі;
  5. Күні бойы театралды қойылымдар мен концерттік нөмірлер ұйымдастырылады.

Тендердің шарттарына көңіл көтеру бағытындағы бағдарламаларды дайындау қызметі де кіреді. Концерттік бағдарламаларға: бишілер, ұлттық, эстрадалық, аспаптық шығармашылық ұжымдар, жүргізушілер және музыкалық сүйемелдеу кіруі тиіс. Бағдарламалардың ұзақтығы кемінде 1 сағат болады. Жеткізуші іс-шараны аяқтағаннан кейін барлық есептерді 10 жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге өткізуі тиіс. Іс-шараны дайындау және өткізу барысында әзірленіп, бекітілген сценарийі, фото, видео материалдар альбом немесе буклет түрінде және флешкада жинақталып өткізілуі қажет, БАҚ-та жарияланған ақпараттар және басқа да растайтын құжаттар есеп ретінде тапсырылады.

Upd 19.03.2025: Бір қызығы, техникалық сипаттаманың орысшасында басқаша сандар жазылады. Мысалы, кемінде үш балалар шығармашылығына арналған аймақтар, ал экспозиция болатын шеберлер жәрмеңкесі 10 болуы керек деп көрсетілген. Деректерде басқа да айырмашылықтар бар.

Астана алаңы

«Наурыз мейрамы 2025» шарасына қатысты екінші тендерді Алматы қаласы мәдениет басқармасының «Алатау» дәстүрлі өнер театры коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұйымдастырып жатыр. Бұл шараға 64 285 714 теңге қарастырылған. Жеңімпаз «TORUS.KZ» ЖШС-і атанған. Тендердің техникалық сипаттамасында бұл шара Астана алаңында өтеді деп жоспарланған. Театрландырылған қойылым қойылмақ. Оның хронометражы кемінде 90 минут болады. Жалпы концерттік нөмірлер саны кемінде 10 болуы тиіс, оның ішінде кемінде 3 жаппай нөмірлер болуы шарт. Қойылымға Наурыз мейрамының негізгі принциптерін көрсететін сценарий жазылады. Іс-шара мемлекеттік және орыс тілдерінде екі жүргізуші жүргізеді. Театрландырылған қойылым бағдарламасына сәйкес, жеткізуші кино және театр артистерін, кәсіби музыкалық орындаушыларды, эстрадалық топтарды, би ұжымдарын, оркестрлер мен басқа шығармашылық ұжымдарды тартуы тиіс. Жобада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері және жас сахна өнерінің таланттары қатысуы керек. Жеткізуші іс-шараға дайындық және өткізу кезеңінде қатысушылардың көлігі мен тұратын орындарын қамтамасыз етеді. Іс-шараның фото-видео түсірілімінде жеткізуіші қамтамасыз етеді. Су және жеңіл тағамдар сатып алынады.

Осылайша Алматы әкімдігі қаладағы екі алаңда өтетін шараларға 141 млн теңге жұмсамақ.

Қаланы безендіруге жұмсалатын шығындар

Нысандарды қалпына келтіру

Алматы қаласының мәдениет басқармасы әр жылы, жылдың осы мезгілінде қаланы безендіруге қатысты тендерлер жариялайды. Алайда, тендерлердің сипаттамасында арнайы «Наурыз» мерекесіне деп көрсетілмейді. Дегенмен, сипаттамаларынан мерекенің элементтерін байқауға болады. Қаладағы шағын сәулет нысандары мен конструкцияларды қалпына келтіру және орнату қызметтеріне 72 800 000 теңге жұмсалмақ. Тендер жеңімпазы «Антураж KZ» ЖШС-танылған. Жеткізуші Алматы қаласын көркемдік безендірудің дизайн-жобасын әзірлейді. Дизайн, мерекелік композицияларды монтаждау-бөлшектеу, электр қуатына қосылу, орындар бойынша тасымалдау қызметтері жасалады. Техникалық сипаттамада кереге, қызғалдақ, өрнектер, этно-дүкендер секілді Наурыз мерекесіне символ болатын шағын сәулет нысандарын қалпына келтіру туралы жазылған. Ескі флагштоктарға жаңа брендинг жасау қызметі де көрсетілген.

Қаланы эстетикалық безендіру

Сондай-ақ, басқарма наурыз айының басында Алматы қаласын эстетикалық безендіру бойынша қызметке қатысты екі тендер жариялаған. Алғашқысына бөлінген сома — 78 500 000 теңге. Тендердің техникалық сипаттамасында, мерекелік атмосфераны қамтамасыз ете отырып, безендірілген орындардың, жаяу жүргіншілер көшелерінің және шағын сәулет нысандарын орнату орындарының сұлулығын көрсететін стиль элементтерін пайдалану қызметі жазылған. Тендер наурыз айының 15-і аяқталатыны көрсетілген, әлі ешқандай мекеме өтінім бермеген. Екінші тендердің сомасы — 77 600 000 теңге. Конструкцияларды жобалау, өндіру және монтаждау, электр қуатына қосу, орналасқан жері бойынша тасымалдау, пайдалану кезеңі аяқталғаннан кейін конструкцияларды бөлшектеу және әкету жұмыстары жасалмақ. Бұл тендерде 15-і аяқталады.

Баннерлер мен тулар

Мемлекеттік сатып алулар порталынан наурыздың 6-ы күні Алматы қаласы мәдениет басқармасының қалаға баннерлер дайындау үшін 58 482 142 теңгелік тендер жариялағанын байқадық. Сипаттамада арнайы «наурыз» мерекесіне деп көрсетілмейді. Жалпы мерекелік тақырыптарға кемінде 9 000 шаршы метр баннерлер ілуі керек екені жазылған.

Сондай-ақ наурыз айының басында басқарма 73 500 000 теңге сомасына «2025 жылы ту өнімдерін шығару және орналастыру» бойынша тендер жариялады. Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі 17 наурыз. Ақпандағы сатып алу жүзеге аспай қалған соң, бұл жарнама да екінші рет ұсынылды.

Осылайша, Наурыз мерекесі қарсаңында қаланы безендіруге барлығы 228 900 000 теңге бөлінді. Бұл сомаға баннерлер мен тулар туралы тендердің қаржысын қоспадық. Себебі екі тендерде де жеткізуші 21 наурызға дейін үлгермеуі мүмкін.

Техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету

Ақпан айының ортасында Алматы қаласындағы іс-шараларды дыбыстық жабдықтармен қамтамасыз ету қызметіне 75 400 000 теңгелік тендер жарияланған. Техникалық сипаттамасында, Алматы қаласындағы іс-шараларды жабдықпен қамтамасыз ету, атап айтқанда, дыбыс, Back Line, энергетикалық жабдық, сахналық жабдық пен конструкцияларды орналастыруы керек. Тендер жеңімпазы — «ALT Sound+» ЖШС-і таңдалды. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін соңғы сома 71 630 000-ға дейін қысқарды.

Іс-шараларды жарық және бейне жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге — 78 200 000 теңге жұмсалмақ. Бұл тендердің де жеңімпазы «ALT Sound+» ЖШС-і. Техникалық сипаттамасында жарық-техникалық жабдықта жарықтандыруды қашықтан басқару жүйесі болуы қажет екені жазылған. Бейне жабдығы коммутация жиынтығымен, бейнемониторлармен, компьютермен, медиа сервермен, пульт кешенімен, экранды ілу жиынтығымен жабдықталуы керек. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін соңғы сома 70 380 000-ға дейін қысқарды.

Алматы қаласы мәдиниет басқармасы қаладағы шараларды аудио және бейне жабдықтармен қамтамасыз етуі үшін 142 010 000 теңге жұмсамақ.

Factcheck.kz редакциясы, Алматы әкімдігі өткен жылы қаланы безендіруге, мерекелік концерт өткізуге 478 млн теңге жұмсағанын жаздық. Биыл жұмсалатын шығындар кемінде 512 млн теңгеге жеткен.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz