Сот қамауда отырған журналист Ахмедияровтың шағымын қанағаттандырмады

Орал қаласының апелляциялық инстанциясы “заңсыз митингіге қатысқаны үшін” 10 күнге қамалған журналист Лұқпан Ахмедияровтың шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Заңгер Мереке Ғабдуалиевтің айтуынша, апелляция алқасының отырысы 10 қаңтар күндіз өткен.

— Сот онлайн өтті. Біз оны [Ахмедияровты] кінәсіз деп танып, босатуды сұрадық. Лұқпанның митингіге бірінші кезекте журналист ретінде қатысқанын және жұртты тәртіпке шақыру үшін сөйлегенін айттық. Алайда сот шағымымызды қанағаттандырмады, – деді Мереке Ғабдуалиев.

Лұқпан Ахмедияров 7 қаңтарда “заңсыз митингіге қатысқаны үшін” (488-бап, 6-бөлік) әкімшілік қамауға алынған. Ол 5 қаңтарда Оралдағы орталық алаңда өткен наразылық акциясында жұрт алдында сөйлегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаңтар айының басында өзге қалалар сияқты Оралда да Жаңаөзендегі әлеуметтік наразылықты қолдаған акция өткен.

10 қаңтарда дәл сондай айыппен оралдық адвокат Абзал Құспанның да 10 күнге қамалғаны белгілі болды.

Бұған қоса, 10 қаңтарда астаналық журналист Махамбет Әбжанның туыстары тілшіні таба алмай отырғанын мәлімдеген. Журналиспен байланыс 5 қаңтарда үзілген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz