Protenge жобасының авторы АҚШ-тың жемқорлықпен күрес сыйлығына ие болды

Қазақстандық журналист, инстаграмдағы Protenge паблигінің редакторы Жәмила Маричева АҚШ мемлекеттік департаментінің жемқорлықпен күрес саласы бойынша тағайындаған сыйлығына ие болды. Сыйлық Маричевадан бөлек әлемнің түрлі елдерінде тұратын тағы 11 белсендіге берілген. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

АҚШ мемлекеттік департаменті 7 желтоқсан күнгі мәлімдемесінде Жемқорлықпен күрес сыйлығына ие болған азаматтардың «көшбасшылығы мен батылдығын» атап өтіп, жемқорлықты әшкерелеп, күрескенін айтып өткен.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Твиттерде сыйлық иегерлерін құттықтады.

Бұл сыйлық жемқорлықпен тынбай күресіп, күрделі қиындықтарға жиі тап болатын және өз елінде жемқорлық қылмысын жасағандардың жазаға тартылуына күш салатын тұлғаларға беріледі.

Жәмила Маричева әлеуметтік желідегі парақшасында «күрделі шешімдер қабылдауға тура келетін уақыт, бірақ жақсы нәрселер де болып жатыр. Мен негізін қалаған жоба 2021 Anticorruption Champions сыйлығына ие болды. Бұл халықаралық сыйлық және оны Қазақстаннан алғаш рет біз алып отырмыз» деп жазды.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.