Өлім жазасы Бангладештегі есірткі саудасын тоқтатпайды

ЛОНДОН – Аудионың сапасы нашар, атылған оқтың үні қатты естіледі, сонда да Экрамул Хактың даусын жазбай танисың.  Бангладештің оңтүстік-шығысында тұратын мемлекеттік қызметкер Хакты мамырдың 26-сында әйелімен телефонмен сөйлесіп тұрған кезінде полиция атып өлтірген.

Бангладештің ресми орындары “Экрамул Хак – есірткі сатушы және ол атыс кезінде қаза тапты” дейді. Ал күйеуін өлтіріп жатқанда оны телефонмен тыңдап тұрған әйелінің айтуынша, полицейлер оны өлтіріп, сол жерге есірті тастап кеткен. Бұл аудиожазба Банладештің есірткімен күрестегі жаңа стратегиясының олқылығын көрсетеді.

Премьер-министр Шейх Хасина үкіметтің есірткімен күрес саясатын қайта қараған мамыр айынан бері 25 мыңға тарта адам сот шешімінсіз түрмеге қамалып, 200-ге жуық кісі оққа ұшқан. Елдегі ахуал Филиппин президенті Родриго Дутертенің есірткімен күрестегі тым қатыгез саясатын еске түсіреді. Онда адам құқықтары жиі бұзылады және 2016 жылдан бері 20 мыңнан астам кісі өлтірілген. Дутерте бастаған науқанды халықаралық қауымдастық жұмыла сынап жатса, Хасинаның “тазалау” операциясына көп назар аударылмай келеді.

Халықаралық қауымдастық сыни пікір білдірмеген соң үкімет те шектен тыс қатігез әрекеттерге көшкен сыңайлы. Қазан айында үкімет есірткі қылмыстарына өлім жазасын көбірек қолдану туралы заң жобасын ұсынып, ол парламентке жіберілді. Жаңа жобаға сәйкес, метамфетамин негізіндегі “яба” есірткісінің 5 грамын сақтаған адам өлім жазасына кесілмек.

Бангладеште есірткі қылмыстарына өлім жазасы бұрыннан бар болғанымен, өте сирек қолданылып келген. Парламент үкімет ұсынған заң жобасын мақұлдаса, бұл жағдай түбірімен өзгеруі мүмкін. Үкіметтің есірткімен аяусыз күрес бастауының, “ябаны” аз мөлшерде де сақтауға рұқсат бермеуінің кесірінен есірткі пайдаланатындар мен ең төменгі деңгейдегі есірткі сатушылар да өлімге кесілуі мүмкін.

Үкімет сендіруге тырысқанымен, өлім жазасы есірткі сататын топ басшыларын құрығына іліп жатқан жоқ. Бұдан кедейлер мен ең дәрменсіздер зардап шегіп келеді. Көршілес Мьянмадағы жан түршігерлік сүргіннен бас сауғалап Бангладешке келген босқындардың кейбірі күнкөріс үшін қылмысқа барып, осы заңның тұзағына түсуі әбден мүмкін.

Оның үстіне, есірткі қолданғаны үшін өлім жазасын тағайындау оны пайдалану мен сату көлемін азайтуға септесетініне еш дәлел жоқ. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс басқармасының айтуынша, он жыл ішінде есірткі қылмысы үшін 4 мыңдай адам өлім жазасына кесілгенімен, есірткі нарығы ұлғайып барады. Өлім жазасы – есірткімен күресте “қатал” болып көрінгісі келгенімен, фактілерге көз жұма қарайтын үкіметтердің далбаса әрекеті ғана.

Заңның өзгеруі Бангладешті халықаралық қауымдастықтың ең төменгі шегіне ығыстырып, өлім жазасынан мүлде бас тартуға бағытталған жаһандық трендке кедергі жасайды. Harm Reduction International ұйымның деректері бойынша, есірткі қылмысы үшін өлім жазасын тағайындаған 33 елдің ішінде Сауд Арабиясы мен Қытай сияқты бірнеше ел ғана үкімдерді орындап келеді. Қалған көпшілігі бағыттарын өзгерткен.

Мәселен, былтырғы жылдың соңында жүргізген құқықтық реформалардан кейін Иранда есірткіге қатысты қылмыстар бойынша өлім жазасына кесу күрт азайған (дегенмен, бұл елде басқа қылмыстар бойынша өлім жазасы көп тағайындалады). Ал Малайзияның министрлер кабинеті барлық қылмыстар бойынша өлім жазасын мүлде алып тастауды қарастырып жатыр. Егер заң қабылданса, онда елдегі өлім жазасының орындалуын күтіп отырған 1267 адамның (мұның 900-і – есірткіге қатысты қылмыс жасағандар) жазасы жеңілдейді.

Өкінішке қарай, шектен тыс шара қолдануды жақтап отырған тек Бангладеш емес. Шри-Ланка президенті Маитирапала Сирисена жақында өлім жазасына салынған 42 жылдық мораторий аяқталып, есірткі қылмысына қатысы бар адамдарды өлтіру қайта қолға алынады деді. Сирисена бұл ойын жүзеге асыра ма, жоқ па, онысы әлі белгісіз, дегенмен бұл – есірткі саудасын тоқтатудың жалғыз жолы өлім жазасы деп білетін популистердің күшейіп бара жатқанын аңғартады. Жыл басында сөйлеген қисынсыз бір сөзінде АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл саясатты қолдайтынын айтты.

“Өлім жазасы қылмысты тоқтатуға сеп бола алмайды, ал соттың жіберген қателігін түзету мүмкін болмай қалады” деп ескерткен Еуропа одағы Шри-Ланка мен Бангладешті стратегияларын өзгертуге шақырды. Бұл – өте дұрыс көқарас, сондықтан әсіресе Еуроодаққа мүше елдер осы ұстанымды бекіте түсуі керек.

Бангладеш парламентінің заң жобасын кері қайтарып, есірткімен күрестің бұдан анағұрлым тиімді әдісін ойластыруға мүмкіндігі бар. Өлім жазасын енгізу адам құқықтары саласындағы онсыз да нашарлап тұрған жағдайды одан сайын ушықтырады. Әлем елдері өлім жазасы мен күдіктіні соттың шешімінсіз-ақ өлтіру әрекеттері есірткі саудасын тоқтатпайтынын түсініп отыр. Бангладеш те осыны мойындауы тиіс.

Өлім жазасы Бангладештегі есірткі саудасын тоқтатпайдыНаоми Берк-Шайн – Harm Reduction International ұйымының атқарушы директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz